Асқар Ермышев – мұнай өңдеу саласының үздік маманы

0
22

Асқар Ермышев – мұнай өңдеу саласының үздік маманы. Асқар Рыспайұлы 1994 жылдан бастап Атырау мұнай өңдеу зауытында еңбек етіп келеді. Бүгінде ол мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін терең күкіртсіздендіру өндірісінің бастығы қызметін атқарып, 30 жылдан астам уақыт ішінде кәсіби білікті, жауапты әрі жаңашыл басшы ретінде танылды.

Өзінің мол тәжірибесі мен терең білімінің арқасында Асқар Рыспайұлы өндірістік үдерістерді тиімді ұйымдастырып, цехтың көрсеткіштерін тұрақты өсімге жеткізді. Оның жетекшілігімен өнім көлемі мен сапасы үнемі жоспардан асыра орындалып келеді. Ол өндірістің барлық кезеңдеріне кешенді бақылау жүргізіп, «тар жерлерді» дер кезінде анықтап, шығындарды азайтып, технологиялық тәртіптің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етеді.

Асқар Рыспайұлы саланың дамуын үнемі қадағалап, жаңа технологияларды өндіріске енгізуді белсенді қолдайды. Оның бастамасымен энергия үнемділікті арттыруға және экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған 20-дан астам рационализаторлық ұсыныс сәтті жүзеге асырылды. Сонымен қатар, ол бензин мен дизель отынын гидротазалау қондырғысын іске қосуда және ароматты көмірсутектер кешенін игеруде ерекше рөл атқарды.

Асқар Рыспайұлының жүйелі ойлау қабілеті мен басқарушылық тәжірибесі цехтың тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, зауыттың бәсекеге қабілеттілігін арттырып отыр. Ол ұжымда сыйлы, әріптестерінің пікірін бағалайтын басшы ретінде құрметке ие. Сонымен бірге жас мамандарға тәлімгерлік жасап, олардың кәсіби дамуына үлес қосуда. Осылайша, Ермышев Асқар Рыспайұлы – тек өз ұжымының ғана емес, бүкіл мұнай-газ саласының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан айтулы тұлға. Оның еңбегі Қазақстан экономикасының өркендеуіне қызмет етуде.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ