Алматыда жаңа «Алатау» теннис орталығы ашылады

0
13

Алатау ауданында халықаралық стандарттарға сай заманауи теннис орталығының ресми түрде ашылады. Ол ITF және ATF деңгейіндегі республикалық және халықаралық турнир өткізуге ыңғайлы. Орталық аумағында төрт жабық қатты жабынды корт, төрт ашық қатты жабынды корт, алты топырақ жабынды корт орналасқан. Көрермен үшін ашық алаңдарда 150 орындық, ғимарат ішінде 100 орындық трибуна бар. Жаңа орталықтың жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады.

Кәсіби спортшыларға да, әр жастағы әуесқойларға да арналған орталық халық тығыз қоныстанған ауданда орналасқан. Жаттығу үшін білікті жаттықтырушылар тартылып, теннисшілерді даярлауға және бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасалады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары үшін кемінде екі топ (әрқайсысы 10 адамнан) тегін сабақтар ұйымдастырылады. Сонымен қатар көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлер жеңілдікпен жаттыға алады. Орталық толықтай мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген.

Кешенде медициналық кабинет, асхана, заманауи TechnoGym жабдықтарымен қамтылған жаттығу залы, мәжіліс залы бар. Орталық күніне кемінде 400 спортшыны қабылдай алады. Нысан құрылысы Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен жүзеге асты.

Жобаны жүзеге асыру күрделі кезеңнен өтті. Құрылыстың алғашқы кезеңі 2020 жылы басталды, алайда мердігер ұйым нысанды уақытында тапсырмады. Бұл сотқа жетіп, мердігер айыппұл арқалады. Кейін нысан «Теннис Академиясы» ЖШС-іне сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілді. Ол Қазақстан теннис федерациясының жетекшілігімен құрылысты аяқтады. Инвестиция көлемі 1 млрд теңге. Жұмыс «Элит Иншаат» ЖШС-імен бірлесіп жүргізілді. Жер және техникалық құжаттарды рәсімдеуге байланысты мерзімнің ұзартылғанына қарамастан, нысан ойдағыдай салынды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ