«Ұлы дала дүбірі» атты ұлттық ат спорты ойындары басталды

0
37

Арқалық қаласында Республика күніне орай «Ұлы дала дүбірі» атты ұлттық ат спорты ойындары басталды. Іс-шараның мақсаты – ата-бабалар мұрасын сақтау мен дәріптеу, ұлттық спорт түрлерін дамыту және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу.

Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл жарысқа Арқалық қаласы мен оған қарасты ауылдық округтердің төрт құрама командасы қатысуда. Ұйымдастыру жұмыстарына қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі қолдау көрсетуде.

Салтанатты ашылу рәсімі мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуден басталды. Қатысушылар мен көрермендер алдында қала әкімі Әмірхан Асанов сөз сөйлеп, жарыстың мәні мен маңызын атап өтті. Іс-шара барысында Арқалық қаласының құрметті азаматы, белгілі қолөнер шебері және тарихшы-өлкетанушы Шөптібай Байділдин жас спортшыларға бата берді.

Ат спорты ойындары екі күнге жоспарланған. Бағдарламада көкпар, тай жарыс, құнан жарыс және аламан бәйге сынды ұлттық спорт түрлері қамтылған. Жарыс барысында көрермендер өңір шабандоздарының шеберлігін тамашалай алады.

Арқалық қаласында ұлттық ат спорты сайыстары жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Бұл шаралар өңірде ұлттық спортты дамытуға және жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ