Жетісуда «Сарыөзек-Көктал» автожолының жөндеу жұмыстары аяқталды

0
14

Жетісу облысында жалпы ұзындығы 178 шақырым болатын «Сарыөзек-Көктал» автожолының жөндеу жұмыстары аяқталды. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталып, бірнеше кезеңмен атқарылған болатын. Енді республикалық жол барлық талаптарға сай жасалды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аудан тұрғындары жөнделген жолдың сапасына ризашылығын білдіруде. Сонымен қатар ауылдық елді мекендердің қиылыстарында жарықтандыру шамдары орнатылып, жол белгілері мен бағыттаушы көрсеткіштер жаңартылды. Көліктердің шамадан тыс жүк тасымалдауының алдын алу мақсатында «Сарыөзек-Көктал» автожолының 50-ші шақырымына автоматтандырылған салмақ өлшеу жүйесі орнатылды. Осындай жүйе жолдың 7-шақырымына, яғни «Алацем» цемент зауытының жанындағы учаскеге де орнатылуда.

– Жалпы алғанда қойылған барлық талаптар нормативтерге сәйкестендірілді. Сарыөзек елді мекені мен Алтынемел асуының арасында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына арналған бөлек технологиялық жол салынды. 65-шақырымда карьерлер орналасқан және осы технологиялық жол арқылы техникалардың қозғалысы жүзеге асырылады, – деді «Қазавтожол» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жасұлан Қалтаев.

«Сарыөзек – Көктал» тас жолы Қойбын шатқалындағы Көмбе өзені арқылы өтеді. Мұнда көлік қозғалысы үшін жаңа көпір қолданысқа берілді.  Құрылыс-монтаждау жұмыстары осы жылдың наурызында басталған. Сарыөзек, Қоңырөлең, Ақжазық ауылдарының жол жиегіне электр жарығы тартылып, жаяу жүргіншілер өткелі мен жол белгілері жаңартылған.

Атқарылған жұмыстарға аудан тұрғындары пікір білдірді.

– Бұрын жолдың ой-шұңқырынан көлікпен жүру өте қиын еді. Автокөлігіміз жиі бұзылып, қайта-қайта жөндетуге тура келетін. Оған қоса жол қауіпсіздігіне де алаңдайтынбыз. Қазір жол сапасы түзу, сапалы жасалды, – деді Алмас Мырзаев.

Қоңырөлең ауылының тұрғыны Бақыт Таштахметова да жолдың жөнделгеніне риза:

– Қазір жол жиегіне жаяу жүргіншілер жолы салынды, Көктал ауылының бұрылысына дейін жарықтандырылды. Кешкілік маңай жарық, еркін жүріп-тұруға болады. Оған қоса ауылға келетін жедел жәрдем жұмысына да қолайлы болды. Ауылға кешкі уақытта Көктал ауылынан шақырылатын жедел жәрдем көлігі бұрын  шамамен бір сағаттан артық уақытта жететін, қазір жол жөнделгеннен бері небары 30-35 минутта келеді, – дейді ол.

Атап өтсек, соңғы үш жылда Жетісудың Кербұлақ және Панфилов аудандарының  аумағындағы республикалық маңызы бар жалпы ұзындығы 241 шақырым жол жөнделді. Атқарылған жұмыстар жол жабынын белгіленген нормативтік талаптарға сай жақсы техникалық күйге келтіруге мүмкіндік берді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы ұсынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ