Алматы экологиялық тұрғыдан болашаққа тұрақты қадам жасап отыр

Алматы экологиялық тұрғыдан тұрақты болашаққа қадам жасап отыр. Қалада ауа сапасын жақсартуға және жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жаңа талаптар жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл «Атмосфералық ауаны қорғау саласында арнайы экологиялық талаптарды енгізу туралы» ережелер жобасы. Құжат қаладағы түрлі салалар үшін бірыңғай экологиялық стандарттарды белгілейді.
Заң шығару саласының сарапшысы Ерлан Бұзұрбаевтың айтуынша, жоба автокөлік секторын, өнеркәсіпті, құрылыс саласын, қоғамдық тамақтану орындарын және қатты отын қолданатын жеке тұрғын секторын қамтиды. Дәл осы бағыттар Алматыдағы ауа ластануының негізгі көзінің бірі саналады. Әр сала бойынша зиянды шығарындыларды азайту және экологиялық технологияларға көшуге арналған нақты шаралар айқындалған.
Оқу орталығының директоры, Қазақстан экологиялық аудиторлар палатасының өкілі Райдін Қасымовтың айтуынша, бұл құжат «үздіксіз жетілдірілетін қолданыстағы құралға» айналады.
«12 жылдан асқан автомобильдерде уыттылық көрсеткіштері 84%-ға дейін асып кететіні байқалады. Алматыда мұндай көліктердің саны 80 мыңға дейін жетуі мүмкін, ал олардың қоршаған ортаға әсері техникалық жағдайы жақсы бір миллион автокөлікпен тең», – деді ол.
«Ренессанс плюс» компаниясының директоры Әсет Тазабеков өз кезегінде Алматы көшелерінде тәулігіне 800 мыңнан астам көлік жүретінін және олардың шамамен 15%-ы белгіленген нормаға сәйкес келмейтінін атап өтті.
«Біз қалада 13 мыңнан астам монша мен 500-ге жуық кәуапхана барын анықтадық, олардың да атмосфераны ластаудағы үлесі айтарлықтай. Жылу электр орталықтарының газға ауысуы және қатты отыннан бас тарту – басымдық болуға тиіс», – деді ол.
«Ренессанс плюс» дерегіне сәйкес, қаладағы ауа ластануының 60%-ы автокөлікке тиесілі. Осыған байланысты автопаркті жаңарту негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
«EСО Almaty» ЖШС компаниясының бас директоры Асыл Батыргереевтің дерегінше, қалада тіркелген 672 мың автокөліктің ішінде 300 мыңнан астамы экологиялық классы Евро-0 – Евро-3 санатына жатады.
«Ауаны жақсарту мақсатында енгізіліп жатқан ережелердің тиімді жүзеге асуы үшін қала тұрғындарының атсалысуы маңызды. Әрбір автокөлік иесі өзінің көлігі зиянды заттар шығаратын көздердің бірі екенін түсінуі тиіс және мүмкіндігінше оны пайдалануды шектеуге тырысуы қажет, әсіресе қысқа қашықтыққа жүру кезінде ескеру керек. Қозғалтқышты сапалы техникалық қызметтен өткізу, каталитикалық нейтрализатор орнату қажет. Бүгінде нарықта пайдаланылған газдарды бейтараптандырудың түрлі жүйелері бар.
Қоғамдық тамақтану орындары, әсіресе кәуапханалар, мангал мен пештен шығатын түтін мен иісті ұстайтын сүзгілерді орнатуға міндетті. Бұл қоғамдық тамақтану орындарына қатысты санитариялық-эпидемиологиялық талаптарда белгіленген. Сондай-ақ, қоғамдық мониторингті күшейту қажет. Түтін мәселесін барлық ластану көзі бойынша жүйелі шаралар қабылдау арқылы түбегейлі шешуге болады. Бұдан әрі күтуге болмайды, нақты әрекет ету керек!», — деді Алматы қаласы Экология басқармасының эколог-сарапшысы Нәзия Аухинова.
Сонымен қатар оның айтуынша, басым міндеттердің бірі жанармай бекеттерінде сапалы автомоторлық отынның сатылуына бақылауды қамтамасыз ету.
Жаңа экологиялық талаптар сондай-ақ, төмен шығарындылар аймағын құруды, стационарлық бекеттер, мобильді зертханалар және «Таза қала» цифрлық платформасы негізінде экологиялық мониторинг жүйесін дамытуды көздейді. Эколог Евгений Мұхамеджановтың айтуынша, мұндай тәсілдер әлемнің ірі мегаполистерінде өзінің тиімділігін дәлелдеген. Лондон, Дубай және Бейжің қалалары қатаң стандарттар енгізу, көлікті жаңғырту және таза энергияға көшу арқылы ауадағы түтін деңгейін айтарлықтай төмендете алды.
«Алматыда соңғы жылдары қоғамдық көлік жүйесінің жақсаруы – жеке автокөліктен бас тартуға ынталандыратын негізгі фактор. Бұл қалаға кіріп-шығатын жүргізушілер үшін де маңызды», – деді Евгений Мухамеджанов.
Сарапшылардың пікірінше, жобаның қабылдануы ұзақ мерзімді экологиялық шешімдер үшін негіз қалыптастырады, әсіресе қыс мезгілінде түтін деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді және қала тұрғындарының денсаулығына оң әсер етеді. Алматы атмосфералық ауаны қорғауда кешенді тәсіл енгізіп жатқан Қазақстандағы алғашқы қала. Қала таза болашаққа қадам-қадаммен жақындап келеді.








