МСАК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ХАЛЫҚТЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ АЛҒАШҚЫ КӨМЕКПЕН ҚАМТУДЫ 80%-ҒА ДЕЙІН АРТТЫРДЫ

0
12

Алматыда Денсаулық сақтау министрлігі қаланың Денсаулық сақтау басқармасымен және Primary Health Care Ұлттық қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырған «Қауымдастық – медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытудың қозғаушы күші» халықаралық конгресі өтуде.
Форумның негізгі мақсаты – медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға қоғамдастықты тартудың практикалық тетіктерін талқылау және медицина қызметкерлерінің халықпен және ұйымдармен тиімді өзара іс-қимыл жасау тәжірибесімен алмасу.
Конгрестің ашылуында сөз сөйлеген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан МСАК-тың алғашқы декларациясының отаны ретінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту мәселелерінде көшбасшылықты сақтап отырғанын атап өтті.
Бұл Мемлекет басшысының қолдауы мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін және сапасын жақсартуға бағытталған басым мемлекеттік саясаттың арқасында мүмкін болды.
Бүгінгі таңда елімізде 677 МСАК нысаны 20 миллионнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетеді.
Жалпы практика дәрігерлерінің учаскелерінде отбасылық қызмет көрсету қағидаты енгізілді, ал жалпы практика дәрігерлерімен жасақталу деңгейі 87%-ға, орташа медициналық персонал 81%-ға жетті. Соңғы бір жарым жылда «Қолжетімді медицина» тұжырымдамасы шеңберінде МСАК қызметін ауқымды жаңғырту жүргізілді.

«Алғашқы көмек көрсету сапасына, мамандарды ынталандыруға ерекше назар аударылды. Бұл шаралар пациенттердің қанағаттануын арттыруға және халықтың денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған», – деп атап өтті министр.

Жобаның шеңберінде халықтың денсаулығын жақсарту, ана мен бала өлімін, негізгі созылмалы аурулардан болатын асқынуларды азайту мақсатында бонустық үстемелердің жаңа моделін енгізу арқылы МСАК мамандарын ынталандыру күшейтілді. Енді енгізілген бастаманың арқасында МСАК мамандары тоқсан сайын 2 млн теңгеге дейін төлем ала алады.

Сонымен қатар, емханада мейіргердің рөлі нығайтылды, ол қабылдауды өз бетінше жүргізе алады, рецепт жаза алады, консультациялық-диагностикалық қызметтерге жолдама бере алады, жоспарланған қабылдауларды ұйымдастыра алады, бұл халықты медициналық алғашқы көмекпен қамтуды 60%-дан 80%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

Өз бетінше мейіргерлік қабылдауды, «өз бетінше жазуды» енгізудің, диагностикалық іс-шаралардың еселігі мен тізбесін қайта қараудың арқасында динамикалық байқаудың жоспарлылығына баса назар аудара отырып, пациенттің бағыты неғұрлым тиімді құрылған.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде динамикалық бақылаумен қамту 38%-ға дейін өсті, бұл созылмалы пациенттерге қатысты тәсілдің жүйелілігінің жоғарылауын көрсетеді.

Конгресс С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің базасында өтіп, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан өкілдерін, сондай-ақ ДДҰ сарапшылары мен консультанттарын жинады.
Форум алаңында денсаулық сақтау мамандары, мемлекеттік ұйымдар мен мектептердің өкілдері, ҮЕҰ және волонтерлік қозғалыстардың, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері сөз сөйлейді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ