Мемлекет жекеменшік мектептерге жан басына шаққандағы қаржыландырудың жүйелі төленуін қамтамасыз етіп келеді

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Кызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңірдің білім беру ұйымдарының қызметіне, оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуына, балалардың қосымша біліммен қамтылуына және инновациялық жобаларды іске асыруға басымдық берді.
Жұлдыз Сүлейменоваға «Бегім ана» бөбекжай-бақшасының жұмысы таныстырылды. Мұнда балаларды ерте жастан кәсіпке баулу жобасы аясында бүлдіршіндердің еңбекке қызығушылығы мен қарапайым еңбек дағдылары түрлі рөлдік ойындар арқылы қалыптастырылуда. Министр бұл бастаманың балалардың бойында ұжымдық мәдениет пен еңбек ету қабілетін дамытудағы тиімділігін жоғары бағалады.
Облыс орталығында биылғы жылы ашылған «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академияда бір күнде 3000 оқушы түрлі қосымша білім беру үйірмелері мен спорттық, шығармашылық секцияларға қатысады. Академияда ғылыми-техникалық, өлкетану-туристік, экология-биологиялық, әскери-патриоттық, көркем-эстетикалық, шығармашылық-музыкалық бағыттар бойынша 52 үйірме жұмыс жасайды.
Сонымен қатар, министр өткен жылы пайдалануға берілген №290 Келешек мектебінде болды. Мектепте балалардың ғылыми әлеуетін дамытуға басымдық берілген. Оқушылар еліміздің бас ұстазына өздері әзірлеген түрлі экологиялық, архитектуралық, нано-технологиялық жобаларын таныстырды.
Orda School жекеменшік мектебінде болған министр, мұнда білім сапасы мен оқу процесін сапалы ұйымдастыру, педагогтердің біліктілігін арттырудың маңыздылығына ерекше мән берді.
«Мемлекет жекеменшік мектептерге жан басына шаққандағы қаржыландырудың жүйелі төленуін қамтамасыз етіп келеді. Осы ретте жекеменшік мектептер үшін де ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар алдындағы міндеттемелерін сапалы орындайтын уақыт әлдеқашан жетті. Жекеменшік мектептерде балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруге, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, педагогтердің біліктілігін ұдайы арттыруға және олардың құқықтарының сақталуына жете көңіл бөлінуі тиіс», – деді министр.
Министр сондай-ақ, физика-математика бағытындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында болып, оқу сапасының көрсеткіштерімен танысты.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңірдің білім саласындағы өзгерістеріне оң баға берген Жұлдыз Сүлейменова білім басқармасы мен аумақтық білім саласында сапаны қамтамасыз ету депаратментінің басшыларына педагогтердің әлеуетін көтеру және мәртебесін арттыру, сапалы білім мен тәрбие жұмыстарын күшейту, білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.








