«Бәйтерек» холдингін құрылымы және мазмұны жағынан қайта құру: Директорлар кеңесі инвестициялар тарту бойынша міндеттемелерді бекітті

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының экономиканың нақты секторын қолдауды күшейту және инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде Холдингті одан әрі трансформациялау мәселелері бойынша «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді.
Холдингтің қызметін кеңейтуді және оның инвестициялық саясатын жаңартуды ескере отырып, Директорлар кеңесінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары қаралып, бекітілді. Құжат трансформациялық күн тәртібін жүзеге асыру, корпоративтік басқаруды жетілдіру, бизнесті қолдау құралдарының тиімділігін арттыру және еншілес құрылымдардың инвестициялық қызметін кеңейту мәселелерін қамтиды.
Директорлар кеңесі «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-ның трансформациясын мақұлдады. Инвестхолдингке инфрақұрылымдық, экспорттық және индустриялық жобаларды қолдау бойынша қосымша функциялар беріледі. Негізгі мақсат – капиталды белсенді тарту, ішкі өндірісті және импорталмастыруды дамыту. Сондай-ақ шикізаттық емес экспорттың үлесін ұлғайтуға және бәсекеге қабілетті бизнесті қалыптастыруға баса назар аударылуда. Нәтижесінде жоғары өнімді кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Бұл экономиканың сапалы дамуын және халық табысының ұлғаюын қамтамасыз етеді.
«Құрылымы және мазмұны жағынан қайта құру нәтижесінде Холдинг біз басым деп айқындайтын секторларға қаржы, құзыреттер және жаңа технологиялар алып келетін ірі инвесторларды тарту жөніндегі тиімді тетікке айналуға тиіс. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр», — деді Олжас Бектенов.
Президенттің жалпыға бірдей цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Холдинг басшылығының кәсіпкерлікті қолдау саласына ЖИ құралдарын енгізу бойынша жаңа пайдалы әсер коэффициенті белгіленді. Сондай-ақ тартылатын шетелдік инвестициялардың көлеміне баса назар аудара отырып, төраға орынбасарларының жетекшілік ететін бағыттары бойынша пайдалы әсер коэффициентін түзету, оң динамиканы қамтамасыз ету үшін қажетті жоспарлы мәндер мен мақсаттарды тұтастай қайта қарау тапсырылды.
Отырыс барысында Тәуекелдер бойынша жиынтық есеп пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің 2025 жылғы III тоқсандағы есебі бекітілді. «Бәйтерек» басшылығы инвестициялық қызметті кеңейту жағдайында қаржы моделінің тұрақтылығы және корпоративтік тәуекел-менеджмент жүйесінің тиімділігі туралы баяндады.
Анықтама:Үкіметтің, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде «Бәйтерек» холдингі экономиканың нақты секторына кредит беру көлемін ұлғайтады. Бүгінгі таңда бизнеске жалпы сомасы 5,7 трлн теңгеге қолдау көрсетілді. Нәтижесінде жаңа 29 мың жұмыс орны ашылды. Биыл бизнесті мемлекеттік қолдаудың жалпы мөлшері 8 трлн теңгеге дейін жеткізілетін болады.










