«БІРЛІГІ БЕКЕМ СЫР ЕЛІ»: ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

0
14

Бүгін Қызылордада «Бірлігі бекем Сыр елі» атты облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық форумы өтті.
Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Адал азамат» жобасының жетекшісі – амбасадоры, Қарағанды облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков және Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Мүбарак Жинақбаева арнайы қатысты.
Аймақ басшысының орынбасары атаулы жылда атқарылған жұмыстарға тоқталып, форумға қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз төртінші сессиясында сөйлеген сөзінде: «Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарлануда. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек» – деген болатын.
Биылғы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында баршамыз үшін қуанышты жаңалық – Қызылорда қаласында жаңадан «Достық үйі» салынды. Бұл – аймағымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға атсалысып келе жатқан этномәдени бірлестіктер мен барша Ассамблея белсенділерінің қажеттіліктерін қамтамасыз ететін замануи ғимарат болады», – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Форумда Бекзат Қомарұлы, Мүбәрәк Қасымқызы, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары Дильфура Бакишқызы сөз сөйлеп, пікір білдірді.
Аймақта Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шарадан бастау алған мерейлі жыл аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Сәуір айында еліміздің барлық өңірінен келген Ассамблея жастарының басын қосқан «Сыр елі – достық мекені» форумы ұйымдастырылып, қатысушылар Байқоңыр ғарыш айлағына барды. Онда Ассамблея жастарының Туы ғарыш кемесінің бортына табысталып, қонақтар зымыран ұшырылымын тамашалады.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік медальдар өңірдегі белсенді Ассамблея мүшелеріне салтанатты түрде табысталды.
Сонымен қатар, облыстағы этномәдени бірлестіктердің онкүндіктері өткізіліп, аудан орталықтарына «Достық» көш-керуені жол тартты. Бұл шаралар мерейлі жылдың мазмұнын байытып, мәнін айшықтай түсті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз