«Мұқағали» журналының 20 жылдық мерейтойы аталып өтті

0
9

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында қазақ әдебиеті мен руханиятына сүбелі үлес қосып келе жатқан «Мұқағали» журналының 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті.

Іс-шара аясында журнал тарихына арналған хронологиялық көрме ұйымдастырылды. Көрмеде «Мұқағали» журналының алғашқы сандары, сирек фотосуреттер, архивтік құжаттар және басылымда жарияланған таңдаулы мақалалар қойылды.

Мұқағали Мақатаевтың ұрпақтары мен туыстары ақынның өмірі мен шығармашылығы, адами болмысы жайлы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар әдебиеттанушылар мен қаламгерлер ақын мұрасын кеңінен таныту, оны бүгінгі ұрпаққа насихаттау және басылымның әдеби ортадағы орны мен ұлттық поэзияға қосқан үлесін талқылады.

Салтанатты кездесуде ақиық ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Шараға еліміздің белгілі қаламгерлері, әдебиеттанушылар, сыншылар және журналистер қатысты.

Аталған басылым 2005 жылдан бері ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын насихаттап, оның поэзиялық әлемін терең зерттеуге үлес қосып келеді. Журнал 20 жыл ішінде мұқағалитанудың ғылыми негізін қалыптастырып, архивтік деректерді жүйелеу, жаңа зерттеулер мен көркемдік талдаулар ұсыну арқылы әдеби ортада өзіндік орны бар рухани алаң ретінде танылды.

Журнал бетінде жарық көрген әдеби-сын мақалалар мен естеліктер – отандық әдебиеттану ғылымы үшін құнды дереккөзге айналды. Бұл басылым қазіргі қазақ поэзиясының дамуына серпін беріп, жаңа бағыттардың қалыптасуына ықпал етіп келеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ