ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ШИЕЛІ АУДАНЫНДА ЕКІ ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ГАЗ ҚОСЫЛДЫ

Бүгін облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевтің қатысуымен Шиелі ауданындағы №21 бекет және Жансейіт елді мекендеріне газ қосу рәсімі өтті. Оған жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Мәслихат төрағасы тұрғындарды көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылдарды дамытудың маңызын атап өтіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.
Бүгінде облыс тұрғындарының жартысынан астамы ауылдарда тұрады. Кейінгі жылдары облыс орталығымен қатар, ауылдарға да сапалы инфрақұрылым жеткізу ісі қарқын алды. Өңіріміздің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімі қамтамасыз етілді. Биыл аймаққа 720 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылса, алдағы жылдары 2 трлн. теңгеден астам қаржыға 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.
Бүгін мемлекеттің қолдауымен көгілдір отынға қол жеткізген ауылдағы әр үй қуаныш пен жылуға кенелуде. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!», –деді Мұрат Жолкелдіұлы.
Рәсімде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан алдыңғы буын ағалар мен мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Еңбек ардагері Насырбек Мырзабеков құттықтау сөз сөйледі.
Соңғы жылдары Шиелі ауданындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда ауқымды жұмыс атқарылды. Кентте 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімінің жаңа ғимараты, аудандық аурухана жанынан қосымша ғимарат, «Руханият орталығы», «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» пайдалануға берілді. Бестам ауылдық округінде 150 орындық ауылдық клуб, аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне айналды.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл нысандар тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде.









