Алматы қаласында Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа заманауи кітапхана ашылды

Кітапхана дәстүрлі кітап мәдениеті мен заманауи цифрлық технологияны ұштастыра отырып, қала тұрғындарына арналған көпфункционалды мәдени әрі білім беру алаңы ретінде жобаланған. Жаңа кітапхананың ашылу салтанатына Алматы тұрғындарымен қатар қала басшылығы, белгілі ғалымдар, жазушылар қатысты.
Кітапхананың бай кітап қоры мен дамыған материалдық-техникалық базасы әртүрлі жастағы және қызығушылығы сан алуан оқырмандардың сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Компьютерлік зал, жеке жұмыс істеуге арналған тыныш оқу аймақтары, топтық кездесулер мен шығармашылық жобаларға арналған кеңістіктер жабдықталған.
Сонымен қатар, мұнда оқырмандардың жайлы әрі тиімді уақыт өткізуіне барлық жағдай жасалған. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін арнайы бейімделген жұмыс орындары қарастырылған. Көру қабілеті төмен оқырмандарға арналған ірі қаріптегі және арнайы форматтағы әдебиеттер қоры жинақталған.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жаңа кітапхананың қала өміріндегі маңызын атап өтті: «Кітапхана – қаланың рухани тынысын айқындайтын орын. Біз өз тарапымыздан қала тұрғындарына жаңа білім нәрімен сусындауға, жан-жақты дамуына жағдай жасап отырмыз. Бұл кітапхана тек кітап оқитын орын емес, ой мен идея тоғысатын заманауи мәдени орталық», – деді Абзал Нүкенұлы.
Кітапхананың ерекше жобаларының бірі – балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Оқы – ойна!» жобасы. Осы жоба аясында балалар аймағында PlayStation 5 орнатылып, ойын мен оқуды үйлестіретін жаңа формат ұсынылған. Бұл бастама балаларды кітапхана кеңістігіне қызықтыруға және олардың оқу мәдениетін ерте жастан қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында әдебиеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қансейіт Әбдезұлы да пікір білдіріп, кітапхананың тәрбиелік және мәдени маңызына тоқталды: «Кітапхана – болашақ оқырманды тәрбиелейтін маңызды мәдени орта. Мұндай заманауи әрі толық қолжетімді кеңістіктің ашылуы жастарды кітапқа жақындатып, оқырман мәдениетін жаңа деңгейге көтереді», – деді Қансейіт Әбдезұлы.
Бұл бастама Алматы қаласының мәдени инфрақұрылымын дамытуға, оқырман мәдениетін жаңғыртуға және ұлттың рухани құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.
Қалалық жаңа кітапхана Розыбакиев көшесі 247-үй, 7-блок мекенжайында орналасқан және қала тұрғындары мен қонақтары үшін күнделікті сағат 08:30-20:00 уақыт аралығында демалыссыз жұмыс істейді.








