Сенатта дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

0
16

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары «Дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз ету: дәрілік заттардың қолжетімділігі, сапасы және импортты алмастыру мәселелері» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп бүгінгі таңда дәрі-дәрмектің қауіпсіздігі халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін айта келіп, еліміздің әлеуметтік тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті. Ол Қазақстанның дәрі-дәрмек импортына тәуелділігі баға өсіміне және әлеуметтік осал топтарға тапшылық қаупіне алып келетінін жеткізді. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектің сапасын бақылауды күшейту және халықаралық стандарттарды енгізу қажеттігіне назар аударды.

«Импортты алмастыру саясаты дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің стратегиялық бағыты ретінде қарастырылуы тиіс. Отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту есебінен ғана еліміздің дәрілік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл бағытта мемлекеттік инвестициялық қолдау, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, ғылыми зерттеулерді ынталандыру және кадр әлеуетін нығайту аса маңызды. Отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру дәрілік заттардың ассортиментін кеңейтуге, бағаны тұрақтандыруға және халықты сапалы және қолжетімді препараттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Нұртөре Жүсіп.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету, баға белгілеу реформасы және реттеу мен сатып алудың жаңа тетіктері есебінен бағаны төмендету бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс туралы айтып берді. Ол сапаны бақылауды күшейту, таңбалау мен цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ отандық дәрі-дәрмек үлесінің өсуі мен фармацевтикалық өндірістің дамуын атап өтті. Сондай-ақ, мемлекет созылмалы ауруы бар науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі барлық кепілдіктерді сақтайтыны атап өтілді.

«СК-Фармацияның» өкілі өз кезегінде өндірушілерден тікелей сатып алу және логистиканы оңтайландыру есебінен қаржы үнемдеу туралы хабардар етті. Ол сонымен қатар дәрі-дәрмектердің азаймайтын қорын құру және пациенттерді үздіксіз қамтамасыз ету үшін цифрлық және логистикалық шешімдерді дамыту қажеттігіне тоқталды.

 Суретті түсірген: А.Байжұманов

ПІКІР ҚАЛДЫРУ