Халықаралық сахнада өнер көрсету – әрбір әртіс үшін зор мәртебе

0
20

Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің шығармашылық ұжымдары Оман Сұлтанатына гастрольдік сапармен барып, халықаралық деңгейде Қазақстан мәдениетін паш етті. Ресми шақыруға сәйкес Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі мен «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі Маскат қаласындағы Корольдік опера театрының сахнасында өткен Бүкіләлемдік музыка және би фестиваліне қатысты. Аталған сахна – халықаралық мәдени диалог пен рухани алмасуға арналған дәстүрлі алаң әрі араб әлеміндегі ең көркем мәдени орталықтардың бірі саналады.

Фестиваль аясында қарағандылық өнерпаздар қазақстандық музыкалық және хореографиялық дәстүрдің өзіндік болмысын, ұлттық әуендер мен билердің бай палитрасын шетелдік көрермен назарына ұсынды.

– Бұл фестиваль мәдениет пен өнердің ортақ тіл екенін айқын көрсетті. Біз жергілікті көрерменге Қазақстанның бай мәдени мұрасын, төл әуендері мен ұлттық билерін таныстырдық. Осындай беделді халықаралық сахнада өнер көрсету – әрбір әртіс үшін зор мәртебе әрі кәсіби тұрғыдан баға жетпес тәжірибе, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі ән орындаушысы Сержан Мұсайын.

Әлемдік музыка және би фестиваліне Бахрейн, Мексика, Венгрия, Оман және Қазақстаннан келген шығармашылық ұжымдар қатысты. Шараға Маскат қаласының басшылығы, Қазақстан Республикасының Оман Сұлтанатындағы төтенше және өкілетті елшісі Айдарбек Әнуарбекұлы, сондай-ақ мәдени қауымдастық өкілдері жиналды.

Оман жұртшылығы қарағандылық орындаушыларды жылы қабылдап, олардың жоғары кәсіби деңгейі мен сахналық мәдениетін ерекше атап өтті. Қарағанды ұжымдары фестиваль сахнасында алғашқылардың бірі болып өнер көрсетті. Сапар барысында өнерпаздар өз өнерін көрсетуімен қатар, Араб Шығысының бай мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Фото: Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ