Астанада аялдаманы сындырған ер адам қамауға алынды

Астанада кез келген вандализм және қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне қарсы жүйелі күрес жүріп жатыр. Кезекті вандалды полиция қызметкерлері анықтап, жауапқа тартты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, түнгі уақытта 20 жастағы ер адам Молдағұлова көшесімен өтіп бара жатып, аялдаманың артқы қабырғасын теуіп сындырған. Оқиға сол маңдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Оқиға орнына полиция жасағы жетіп, күдіктіні анықтап, ұстады.
Аталмыш іске қатысты сот оны 10 күнге қамауға алу туралы шешім шығарды. Сондай-ақ ер адам залалдың өтемін төлеуге міндетті.
Полиция ескертеді: мұндай құқық бұзушылықтар қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде тоқтатылатын болады.
Айта кетейік, Астанада «Тоқта, вандал» акциясы жалғасып жатыр. Оған волонтерлар, белсенділер, танымал спортшылар мен қала тұрғындары қолдау көрсеткен. Акцияның мақсаты – вандализмнің алдын алу және қаланы таза әрі тәртіпті сақтау.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында полиция қызметкерлері прокуратурамен бірлесе отырып, вандализмге қарсы белсенді жұмыс жүргізеді. Мүлікті қасақана бұзу немесе зақымдау – 60 АЕК көлемінде айыппұл немесе 30 күнге дейін қамауға алу арқылы жазаланады.









