СЫР ӨҢІРІ ҚЫТАЙМЕН АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДЕ

Сыр өңірінің агроөнеркәсіп саласына инвестиция тарту мақсатында облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды.
Делегация құрамында ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері бар. Олар Бэйянь округінде Қытайдың ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші компанияларымен кездесулер өткізді. Атап айтқанда, ғылым докторы Лу Нанмен кездесуде сапалы тұқыммен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, «Jiarun Agriculture», «Gao’s Hetian Rice Industry», «Baqi» сынды күріш және жүгері дақылдарын өндіретін ірі агроөнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасты.
Сапар аясында Хайнань провинциясының өнеркәсіптік қалалық Инвестициялар паркінде маңызды кездесу өтті. Онда агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, агротехнологияларды дамыту, ресурстарды интеграциялау және өндірістік парктерді бірлесіп салу мәселелері талқыланды. Қызылорда облысының әкімдігі, Хайнань провинциясының өнеркәсіптік қалалық Инвестициялар паркі және Хейлунцзян Хэхуэйдэ сауда компаниясы арасында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған үшжақты меморандумға қол қойылды.
Дунфан қаласында делегация мүшелері «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында өткен халықаралық ауыл шаруашылығы конференциясына қатысты. Конференция Қытай мен Қазақстан арасындағы агроөнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдетуге, инвестициялық мүмкіндіктерді таныстыруға және бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталды.
Онда аграрлық технологиялар мен өнім өңдеу саласындағы өзекті мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, Хайнань халықаралық экономикалық даму бюросы, Хайнань-Хэйлунцзян сауда-өнеркәсіп палатасы, Дунфан жүгері өнеркәсібі қауымдастығы және Баян уезінің ауыл шаруашылығын дамыту компаниясы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Аталған келісімдер Қытай мен Қазақстан арасындағы агроөнеркәсіптік серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартуға және «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы тиімді жобаларға жол ашады.









