Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекеттік меншікке қайтарылды

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің Жамбыл облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің біріне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Тексеру барысында тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жалпы ауданы 1 883 гектар жер телімінің бір бөлігі мақсатқа сәйкес пайдаланылмағаны анықталды. Атап айтқанда, жер пайдаланушы жайылымдық алқаптарды жыртып, оларды егістік ретінде пайдаланған, бұл жер заңнамасының талаптарын бұзу саналады.
Тексеру қорытындысы бойынша қолданушыға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Алайда белгіленген мерзімде тиісті талаптар орындалмағандықтан, Жер ресурстарын басқару департаменті Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз жолдады.
Соттың шешімімен 274,9 гектар жер учаскесі мәжбүрлі түрде мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.










