Астаналық ұстаз Еуропа елдерінде тұратын қазақ балаларына ана тілін тегін үйретіп жүр

0
10

Астаналық мұғалім Еуропа елдерінде тұратын қазақ балаларына ана тілін тегін оқытып келеді. Оқушылардың жасы әртүрлі болғанымен, педагог сабақ барысында тақырыпты барынша жан-жақты түсіндіріп, балалардың қызығушылығын бірден оятады. Ұстаз бұл еңбегін өзінің азаматтық әрі кәсіби парызы деп санайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Гүлжазира Бекболатқызы – елордадағы №104 «Келешек мектебі» жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Германияға біліктілігін арттыру мақсатында барған сапарында ол шетелдегі қандастарымен танысып, олардың балалары ана тілін үйренуге ынталы екенін аңғарған. Осыдан кейін педагог өз білімін ақысыз үйретуге бел буып, еріктілік негіздегі сабағын бастап кеткен.

«2023 жылғы Еуропа сапарынан кейін шетелдегі қазақ балаларына сабақ өткізсем деген ой туды. 2024 жылдың 1 маусымынан бері осы істі негізгі жұмысыммен қатар алып жүрмін. Әр жексенбі сайын Нидерланд пен Германияда тұратын қазақ балаларына онлайн форматта ана тілі сабағын өткіземін. Күнделікті өмірде олар өздері тұратын елдің тілінде сөйлегендіктен, қазақша акцентпен сөйлейді. Соған қарамастан, тіл үйренуге деген құлшыныстары ерекше. Мұны мен ұстаздық жолдағы парызым деп білемін», – дейді Гүлжазира Бекболатқызы.

Сабақ барысында балалар тек тіл үйреніп қана қоймай, ұлттық мәдениетпен де терең танысады. Олар қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, шежіресі мен ауыз әдебиеті үлгілерін оқып, тарихи Отаны туралы білімін кеңейтеді. Мұғалім шәкірттерін ынталандыру үшін арнайы сертификаттар табыстайды.

Педагог әлеуметтік желідегі парақшасында бұл сабақтардың өзі үшін ерекше мәнге ие екенін жазған. Оның айтуынша, онлайн форматқа қарамастан, әрбір сабақ рухани жақындықты арттырып, балаларды қазақ тілінде еркін ойлауға баулиды. Сабақта түрлі шығармашылық тапсырмалар беріледі: өлең жаттау, мақал-мәтелдер үйрену, жаңылтпаш айту, рөлдік ойындар ұйымдастыру, комикс салу, отбасылық сұхбаттар жүргізу. Мұның бәрі балалардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған.

Оқушылар да сабақтардың қызықты өтетінін айтады. Германияда тұратын Сафия Серік қазақ тілінде көптеген өлең, жұмбақ, мақал-мәтел үйренгенін жеткізсе, Аида Әбжекенова тыйым сөздерді сурет арқылы бейнелеп, ұлттық ойындар ойнағандарын қуана еске алады. Балалар үшін бұл сабақтар тек тіл үйрену емес, ұлттық болмыспен байланыс орнатудың маңызды құралына айналған.

Шетелде өсіп келе жатқан қазақ балаларына ана тілін үйрету – ұлт болашағы үшін аса маңызды іс. Осы бастама арқылы Гүлжазира Бекболатқызы өзге әріптестеріне де үлгі көрсетіп, ұстаздықтың шынайы миссиясы біліммен бөлісу екенін дәлелдеп отыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ