Жобаның негізгі мақсаты – технологияны бейбіт бағытта қолдану

Атырауда авиация саласының мамандары Әмір Мейрамғалиев пен Нұрсұлтан Тұрсынов өнеркәсіп пен қауіпсіздік саласына арналған ұшқышсыз ұшу аппаратын құрастырып жатыр. Жоба бір жыл бұрын басталған. Ал алғашқы прототипті жасауға 1270 сағат уақыт жұмсалған, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мамандардың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – технологияны бейбіт бағытта қолдану. Атап айтқанда, дронды мұнай-газ құбырларын патрульдеуге, қамыс өрттерін ерте анықтауға және төтенше жағдай кезінде нақты координаттарды жедел жолдауға пайдалану көзделіп отыр. Экологиялық ахуалы күрделі Атырау өңірі үшін мұндай құрылғының маңызы зор. Сонымен қатар оны шалғай мекенжайларға дәрі-дәрмек жеткізуге бейімдеуге болады.
Алғашқы үлгі қолданыстағы модель негізінде пластиктен жасалған. Алайда өңірдің желді климатына байланысты оның беріктігі жеткіліксіз болған. Кейін құрылғыны шыны талшық пен пластик қоспасынан дайындау шешімі қабылданған. Қазір үшінші нұсқасы әзірлену үстінде. Бұл модельде қанат ұзындығы 20 сантиметрге ұлғайтылып, қуатты аккумулятор мен мотор орнату жоспарланған. Нәтижесінде ұшу қашықтығы артып, жұмыс тиімділігі жақсарады.
Жоба әзірге сынақ кезеңінде.
Нұрсұлтан Тұрсыновтың айтуынша, қалада 15–18 қабатты тұрғын үйлер көбейіп келеді. Мұндай биіктікке өрт сөндіру техникасының жетуі кей жағдайда қиындық тудырады. Сондықтан әзірленіп жатқан дронды биік ғимараттардағы өртті сөндіру жұмыстарына қолдануға мүмкіндік бар. Сонымен қатар жоба авторлары өндірісте отандық материалдарды пайдалануға басымдық беріп отыр.








