Атырау – бизнес пен инвестициялар үшін зор әлеуеті бар индустриялық орталық. Қанат Шарлапаевтың іс-сапары

0
16

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Канат Шарлапаев Атырау облысына іс-сапармен барып, өңірлік билік өкілдерімен, кәсіпкерлермен және ірі өндірістік кәсіпорындардың басшылығымен кездесті.

Атыраудағы іскерлік таңғы ас. Индустрия көшбасшыларымен стратегиялық диалог

Жұмыс бағдарламасы өңірдегі ірі кәсіпорындар – «Силено» ЖШС, «KMG PetroChem» ЖШС және «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС басшыларымен өткен іскерлік таңғы астан басталды.

Кездесуде мұнай-газ химиясы кластерін дамыту, жергілікті бизнестің ірі жобаларға қатысуы және қазақстандық мамандарды басым тәртіппен жұмысқа тарту мәселелері талқыланды.

«KMG PetroChem» компаниясының KPI газ-химия кешені жобасына ерекше назар аударылды. Ел үшін бірегей жоба Мемлекет басшысының қатысуымен іске қосылған. Зауыт жылына 500 мың тонна полипропилен өндіріп, шағын және орта бизнес үшін экожүйе қалыптастыруда. Кәсіпорында 630 адам жұмыс істейді, олардың 80%-дан астамы – Атырау облысының тұрғындары. Қазір полипропилен гомополимерінің 15 маркасы игерілген, келешекте бұл көрсеткішті құрылыс, медицина, тамақ және тоқыма өнеркәсібінде қолданылатын 64 маркаға дейін жеткізу жоспарлануда.

Сонымен бірге өңірдің негізгі өнеркәсіптік кәсіпорындарында жұмысшылардың 90-97%-ын Қазақстан азаматтары құрайтыны, олардың 60-70%-ы – жергілікті тұрғындар екені атап өтілді.

Газды бөлу кешені құрылысы аясында шамамен 3 500 жұмыс орны құрылмақ, оның кемінде 90%-ы қазақстандық мамандарға тиесілі. Қазір нысанда 600-ден астам адам жұмыс істейді, олардың 98%-ы – Қазақстан азаматтары, 70%-дан астамы – өңір тұрғындары. Пайдалануға беру кезеңінде 400-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жергілікті және шетелдік жұмыс күшінің үлесіне қатысты міндеттемелердің орындалуы жүйелі түрде бақылауда.

Бизнес-қоғамдастықпен және өңірлік билік өкілдерімен диалог

Келесі кезекте Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу өтті. Онда шағын және орта бизнесті дамыту, цифрлық құралдарды енгізу, әкімшілік кедергілерді жою және жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділік мәселелері талқыланды.

«Атырау – Қазақстандағы стратегиялық маңызы бар өңірлердің бірі. Мұнда мұнай-газ саласы белсенді дамып келе жатқан шағын және орта бизнеспен қатар өркендеп келеді. Біздің міндет – жергілікті кәсіпкерлер ірі жобалардың тек мердігері емес, толыққанды серіктесіне айналуы үшін жағдай жасау», – деп атап өтті Шарлапаев.

Кәсіпкерлермен өткен кеңейтілген кездесуді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Асқар Саппаев жүргізді. Ол Палатаның негізгі міндеті – бизнеске қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалогты қамтамасыз ету екенін айтты.

«Осындай ашық диалог алаңы мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді», – деді Саппаев.

Кездесуде «Іскер Аймақ» бағдарламасы бойынша 13,2% мөлшерлемемен 200 млн теңгеге дейін несие беру шарттары, инфрақұрылымдық қолдау, кәсіпкерлік бастамаларды сүйемелдеу және кешенді оқыту мәселелері қаралды. Ел бойынша жеңілдікті қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 400 млрд теңге болады.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы

Атырау облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы – өңірдегі бизнестің басты серіктесі. Палата штатында 28 қызметкер бар. Басқарушы – Нұрлан Сүйінбаев. Өңірлік кеңес 16 мүшеден тұрады, олардың барлығы – шағын және орта бизнестің өкілдері.

Палата өңірдің институционалдық процестеріне белсенді қатысады. Оның делегаттары жергілікті атқарушы органдар жанындағы 27 ККО-ға және 9 салалық кеңеске кіреді. Олар ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, медицина, білім беру, туризм, креатив индустриялар, сауда және қызмет көрсету секторларын қамтиды. Сонымен бірге Палата кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесте жұмыс істейді.

Инвесторлар құқығын қорғау және тұрақты даму

Сапардың маңызды кезеңдерінің бірі – Қанат Шарлапаевтың Атырау облысының прокуроры Мадияр Басшыбаевпен және прокуратура органдарының өкілдерімен кездесуі болды. Диалог барысында ҰКП басшысы прокуратура органдарының жеке меншікті қорғау және өңірдің инвестициялық тартымдылығын қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті.

Қанат Шарлапаев бүгінде прокуратура заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ететін әрі кәсіпкерлердің құқығын негізсіз әкімшілік талаптардан қорғайтын маңызды құқықтық сүзгі ретінде әрекет ететінін айтты. Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеу нәтижесінде мыңдаған проблемалық кейстер шешілген. 300-ден астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылып, соның арқасында 269 инвестициялық жоба сәтті іске қосылған әрі 30 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.

«Бұл көрсеткіштер прокурорлар корпусының бұзылған құқықтарды қалпына келтіру бағытындағы жұмысының тиімділігін айқын көрсетеді», деп атап өтті Қанат Шарлапаев.

Жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарға бару

Жұмыс сапары барысында Қанат Шарлапаев өңірдің технологиялық және экспорттық әлеуетін көрсететін бірқатар ірі кәсіпорынға барды. Олардың ішінде «Казтурборемонт» ЖШС – энергетикалық машина жасау зауыты; «Жолмуханов» ЖК – көкөніс сақтау қоймасы; сондай-ақ «МедстарЭкспорт» ЖШС және «Гранд Материк» ЖШС – медициналық бір реттік шприцтер мен FFS-пленка өндірушілері кіреді. Бұл кәсіпорындар жергілікті бизнестің қатысуымен жүзеге асқан инвестициялық жобалардың табысты үлгісін, қазақстандық мамандар үшін жұмыс орындарын құруды және өңірдің заманауи технологияларды енгізуге дайындығын көрсетті.

Цифрландыру және тиімділікті арттыру

ҰКП Төралқа Төрағасы өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторлары – цифрландыру мен инновациялық шешімдерді енгізу екенін атап өтті. Автоматтандыру мен цифрлық талдау шығындарды азайтуға, өнімділікті арттыруға және бизнестің тиімділігін жедел өсіруге мүмкіндік береді.

Жұмыс сапарының қорытындысы

«Атырау – өнеркәсіпті, кәсіпкерлікті және инвестицияларды дамытуға зор әлеуеті бар аймақ. Бизнестің, биліктің және қолдау институттарының бірлескен жұмысы жаңа жұмыс орындарын ашуға, қазақстандық мамандарды басымдықпен жұмысқа орналастыруға және өңір экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады Қанат Шарлапаев.

Бұл іс-сапар «Атамекен» ҰКП-ның кәсіпкерлер бастамасын қолдауға және Атырау облысының бизнес-ортасын жүйелі дамытуды қамтамасыз етуге дайындығын растады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ