Мемлекет басшысы Грузияның Ішкі істер министрі Гела Геладзені қабылдады
Әңгімелесу барысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бағыттарындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Гела Геладзе Қасым-Жомарт Тоқаевқа шетелдік туристердің, соның ішінде Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін сақтау бойынша грузиялық құқық қорғау органдарының атқарып жатқан жұмысы жөнінде мәлімет берді.
Қазақстан мен Грузия ішкі істер министрліктері ұйымдасқан қылмысқа, есірткі тасымалдауға, киберқылмысқа және экстремизмге қарсы күрес, сондай-ақ озық тәжірибелер алмасу, маман даярлау бағыттарында өзара ықпалдастықты нығайтуға ниетті.

Кездесуде Мемлекет басшысы Грузия Президенті Михаил Кавелашвили мен Премьер-министр Ираклий Кобахидзеге сәлемін жолдады.









