ЖАСТАР ЕЛ БОЛАШАҒЫ ҮШІН

0
25
Жайық арена спорт кешенінде республикалық референдум қарсаңында жастардың ірі фестивалі ұйымдастырылды. Ауқымды шараға қала мен Батыс Қазақстан облысы аумағынан 4000-нан астам жас қатысты.
Заманауи форматта өткен басқосуда Конституцияның ел дамуына ықпалы, азаматтық жауапкершілік пен жастардың қоғамдағы рөлі жан-жақты сөз болды. Спикерлер жаңа Конституция жобасының саяси жүйені жаңғыртуға, экономикалық өсімге және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Фестиваль аясында спикер ретінде қатысқан БҚО Кәсіподақтар орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы Адема Жарасова сөз сөйлеп, еңбек адамының мүддесін қорғаудағы өзгерістерге тоқталды. Ол жаңа Конституция жобасы жастарға тың мүмкіндіктер беріп, олардың құқықтық қорғалуын күшейтіп, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға жол ашатынын жеткізді.
Фестиваль жастардың бір алаңда бас қосып, ортақ құндылықтар төңірегінде біріге алатынын дәлелдеді. Әр қатысушы елдің дамуына өз үлесін қосуға дайын екенін білдіріп, белсенді азаматтық позиция ұстанудың маңызын атап өтті. Бұл басқосу жас ұрпақтың ынтымағы мен жауапкершілігін айқындайтын маңызды алаңға айналды.
Мәдени бағдарлама барысында Rafa, Алина Герц және кештің хедлайнері Нұржан Керменбаев сахна төрінде өнер көрсетті.
Шара соңында мыңдаған жас «Атамекен» әнін бірге шырқап, жаңа Конституцияны қолдайтындарын және ел болашағына жауапкершілікпен қарайтындарын тағы бір мәрте паш етті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ