ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ САПАСЫН БАҒАЛАУДЫҢ ЖАҢА ИНДИКАТОРЛАРЫН ЕНГІЗУДЕ

Қазақстанда ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде қызмет көрсететін медициналық ұйымдар үшін сапаны бағалаудың жаңартылған индикаторлар жүйесі бекітілді.
Тиісті көрсеткіштер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан барлық өнім берушілерге қолданылатын болады. Бұл емдеу мен профилактикалық шаралардың тиімділігін бақылауды күшейту мақсатында енгізіліп отыр.
Аталған модельге көшу басымдықтардың өзгергенін білдіреді: енді медициналық ұйымдардың жұмысы көрсетілген қызметтердің саны бойынша емес, олардың түпкі нәтижесі бойынша бағаланады.
Атап айтқанда, негізгі өлшемшарттардың қатарында пациенттердің шағымдарының азаюы, халықты вакцинациялаумен қамту деңгейі және ауыр аурулардан кейінгі медициналық бақылаудың уақтылы жүргізілуі болады.
Жаңа жүйеде қант диабеті, қанайналым жүйесінің аурулары және тыныс алу ағзаларының аурулары сияқты созылмалы патологиялары бар пациенттерге ерекше назар аударылады. Бұл санаттағы азаматтар үшін тұрақты динамикалық бақылауды қамтамасыз етуге және қажетті дәрілік препараттарды уақытылы тағайындауға бағытталған қатаң индикаторлар белгіленеді.
Мұндай бақылаудың тиімділігі нақты клиникалық нәтижелер арқылы бағаланады, соның ішінде диабетпен ауыратын пациенттердің арасында аяқтың ампутациясы жағдайларының азаюы да есепке алынады.
Сонымен қатар диспансерлік есепте тұрған азаматтардың арасында шұғыл түрде емдеуге жатқызу жағдайларын азайтуға бағытталған мониторинг енгізіледі.
Бағалаудың маңызды элементтерінің бірі стационарлық емдеу кезеңінен кейінгі емдеудің сабақтастығын қамтамасыз ету бойынша бастапқы буынның жұмысы болады. Енді МСАК ұйымдары инфаркт, инсульт немесе қант диабеті бойынша стационардан шығарылғаннан кейін 15 күннің ішінде пациентті динамикалық бақылауға қоюды қамтамасыз етуге міндетті.
Емханалар деңгейіндегі жұмыстың күшеюі жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысына да тікелей әсер етуі тиіс. Жаңа индикаторлардың тізбесіне тәулік ішінде қайталанатын шақыртулар санының азаюы, сондай-ақ учаскелік дәрігерлер бақылауында болуы тиіс созылмалы аурулардың асқынуына байланысты жүгінулер санын қысқарту енгізілді.
Осы кешенді шараларды енгізу министрлікке медициналық ұйымдардың азаматтардың денсаулығы үшін жауапкершілігін арттырумен қатар, сапаны бағалау жүйесінің объективті цифрлық деректердің негізінде ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.










