Өңір мерейін асырған жеңістер: Наурыз төрінде спортшылар ұлықталды

Петропавл қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы биыл ерекше мазмұнмен, кең ауқымда аталып өтті. Мереке жаңару мен жасампаздықтың, бірлік пен ұрпақтар сабақтастығының жарқын нышанына айналып, шаһарды шаттық пен ізгілікке бөледі.
Аймақ жұртшылығын мерекемен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады. Салтанатты іс-шара барысында халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, өңір мерейін үстем еткен спортшыларға ерекше құрмет көрсетілді. Облыс әкімі олардың табандылығы мен кәсіби шеберлігіне жоғары баға беріп, ел абыройын асқақтатқан еңбектері үшін ризашылығын білдірді.
Спорт саңлақтарына жаңа баспаналардың кілттері табысталды: Ербол Хамитовқа – үш бөлмелі, Надежда Морозоваға – екі бөлмелі, Шумековалар әулетіне – үш бөлмелі пәтер берілді. Сонымен қатар, бірқатар спортшылар мен жаттықтырушылар ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі осылайша ел бірлігін айқындайтын, рухани құндылықтарды дәріптейтін әрі жаңа жетістіктерге жігерлендіретін тағылымды шара ретінде өз мәнін тағы бір мәрте айшықтады.








