Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
ЖаңалықтарҒылым-Білім

Аягөздік оқушы пластик қалдықтарынан эко-асфальт жасап шығарды

Аягөз қаласындағы №10 қазақ мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Аружан Қабдұлмаратова бірнеше жылдық зерттеу жұмысының нәтижесінде пластик қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жол жабынын дайындаудың тиімді әдісін ұсынды.

Жас зерттеуші бұл жобамен 7-сыныптан бастап айналысып келеді. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде ол тұрмыстық пластикті арнайы өңдеп, асфальт құрамына енгізу тәсілін әзірлеген. Бұл әдіс жол жабынының беріктігін арттырып, қызмет ету мерзімін ұзартады.

Мамандардың бағалауынша, мұндай жолдар орта есеппен 12–18 жылға дейін жөндеуді қажет етпейді. Ал сапасы жоғары түрлері 20–25 жылға дейін шыдай алады. Сонымен қатар, эко-асфальт дәстүрлі жол жабынына қарағанда әлдеқайда үнемді.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – жол сапасын бақылауды автоматтандыру. Екінші кезеңде Аружан арнайы автономды роботтар жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, «А» роботы жолдағы ақауларды анықтаса, «В» роботы оларды жедел жөндеуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл уақытты үнемдеп, жөндеу шығындарын азайтуға жол ашады.

Жобаның негізгі мақсаты – пластик қалдықтарын тиімді пайдалану арқылы қоршаған ортаны қорғау және жол құрылысы саласына инновациялық шешімдерді енгізу. Осылайша, «Эко асфальт» жобасы арқылы жас өнертапқыш туған өлкесінің экологиясын сақтауға нақты үлес қосып отыр.

Сәйкес жаңалықтар

150 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері атанды

«Онлайн алаяқтық» халықты зарлатып жатыр – Заитов

30 желтоқсан күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді