Астаналық команда халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды

Астана қаласындағы «Sana Sport» спорт кешенінде 18 жасқа дейінгі қыздар командалары арасындағы Азия Кубогына Орталық Азия аймағы бойынша іріктеу турнирі – FIBA U18 Women’s Asia Cup CABA Qualification өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ойын барысын Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит арнайы барып тамашалады.
Аталған жарыс Азия кубогына іріктеу кезеңі болып саналады. Турнирге Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан ұлттық құрамалары қатысты.
Қазақстан құрамасы сапында елорданың «Astana Tigers» клубының 7 ойыншысы өнер көрсетті. Атап айтқанда: Кәусар Ыбрай, Шахида Ерлан, Лиана Дымовских, Арина Богашева, Қарақат Сатжанова, Ксения Гордеева, Юлия Шмакова.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы барлық матчта жеңіске жетіп, 1-орын иеленді. Екінші орын Өзбекстан, ал үшінші орын Қырғызстан құрамасына бұйырды.
Осылайша, турнир жеңімпазы атанған елордалық баскетболшы қыздар құрамасы 2026 жылдың қыркүйек айында Таиландта өтетін FIBA U18 Women’s Asia Cup турниріне жолдама алды.
Турнирдің ең құнды ойыншысы (MVP) болып елордалық Ерлан Шахида (Қазақстан) танылды.
Сонымен қатар символикалық үздік бестік анықталды.
Ойындарға халықаралық төрешілер (Корея мен Моңғолиядан) шақырылып, техникалық делегат ретінде FIBA өкілі Самсон Арекелян жұмыс істеді.









