Қарағанды облысының спортшысы әртістік жүзуден Әлем кубогы кезеңінде үздік үштікке енді

0
14

Франция астанасы Парижде 27 елден келген 190-ға жуық спортшының қатысуымен әртістік жүзуден Әлем кубогының екінші кезеңі өтті. Қазақстан құрамасы сапында Теміртау қаласының спортшысы Виктор Друзин өнер көрсетіп, қола медаль жеңіп алды.

«Қарағанды облыстық жүзу мектебінің тәрбиеленушісі, бүгінде өңіріміздің Жоғары спорт шеберлігі мектебінің өкілі Виктор Друзин ерлер арасындағы жекелей техникалық бағдарламада сәтті өнер көрсетіп, 226.6050 ұпай жинады. Бұл нәтиже оған жүлделі үшінші орынға көтерілуге мүмкіндік берді», – деп хабарлады дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Жарыста бірінші орынды Қытай спортшысы иеленсе, екінші орын Ұлыбритания өкіліне бұйырды.

Виктор Друзин халықаралық аренада тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп, өңір мен ел намысын абыроймен қорғап келеді, деп атап өтті ведомство. Бұған дейін ол Колумбияда өткен Әлем кубогы кезеңінде үш медаль жеңіп алып, ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеген болатын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ