Алматыда жол қозғалысын цифрлық басқару жобалары пайда болуы мүмкін

Алматыда көлік легін талдап, жол қозғалысын тиімді үйлестіруге бағытталған цифрлық шешімдерді енгізу жоспарланып отыр. Тиісті меморандумға 7 сәуір күні өткен «Алматы – Шанхай» бизнес форумы аясында «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ, «IntegraConstruction KZ» ЖШС және Шанхай институты арасында қол қойылды.
Аталған келісім көлік жүктемесін төмендетуге, жол желісінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қаланың жол инфрақұрылымын басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асыруды көздейді.
Басты бағыттардың қатарында көлік санын сараптау, цифрлық құралдарды кеңінен енгізу және қалалық трафикті басқарудың заманауи шешімдерін әзірлеу мәселелері қамтылған.
Айта кету керек, бұл бизнес форумға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен Шанхай мэрі Гун Чжэн қатысты. Кездесу барысында тараптар екі мегаполис арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын, соның ішінде көлік, цифрландыру және орнықты даму бағыттарын талқылады.
Алматы мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс жыл санап нығайып келеді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 20 пайызға артып, 9,5 миллиард АҚШ долларына жетті.
Алматы цифрландыру саласында көшбасшылық орнын сақтап отыр: елдегі IT-мамандардың жартысынан астамы осы қалада шоғырланған. Бұл жағдай озық технология енгізуге кең мүмкіндік береді.
Сонымен қатар туризм саласы да тұрақты өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қалып отыр. Қазақстанға келетін әрбір екінші шетелдік турист Алматыны таңдайды. 2025 жылы туристер саны 40 пайызға артып, 136 мың адамға жетті.
Форум аясында өткен B2B форматындағы кездесулер іскерлік байланысты нығайтуға және қалалық инфрақұрылым мен экономиканы дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды пысықтауға жол ашты.










