Ө. Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми жобалар конкурсында 77 оқушы жүлдегер атанды

0
18

Астана қаласында Ө. Жолдасбеков атындағы 11 (12)-сынып оқушыларына арналған математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсы өз мәресіне жетті. Дәстүрлі ғылыми додаға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Таиланд пен Түркиядан 135 жас зерттеуші 99 жобамен қатысып, 77 оқушы жүлдегер атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау шарасына Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымның дамуына ерекше мән береді. Президент өз бастамаларында ғылым мен білім саласын елдің ұзақ мерзімді өркендеуінің негізгі тірегі ретінде айқындап келеді. Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи сәттердің бірі -жаңа Конституцияның қабылдануы. Бұл құжат-Қазақстанның жаңару жолындағы маңызды қадамы. Жаңа Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танылған. Бұл мүмкіндік -жас ұрпаққа сапалы білім алып, ғылыммен айналысуға кең мүмкіндік беретін құқықтық негіз», – деді жеңімпаздар алдында сала министрі.

Зияткер оқушылардың жобаларын бағалауға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары тартылды. Жобаларды қорғау халықаралық стандарттарға сәйкес ашық көрме форматында математика, қолданбалы математика, механика және экономикадағы математикалық әдістер бағыттары бойынша ұйымдастырылды. Жұмыстар ғылыми тақырыптың өзектілігі, әдістемелік дәлдік, талдаудың сапасы, нәтижелерді интерпретациялау, шешімдердің практикалық маңызы мен жаңашылдығы, сондай-ақ оқушының жобаны ұсыну деңгейі бойынша сарапталды.

Ғылыми жобалар сайысының қорытындысы бойынша І дәрежелі диплом және алтын медальмен 15 жеңімпаз, ІІ дәрежелі диплом және күміс медальмен 23 жүлдегер, ІІІ дәрежелі диплом және қола медальмен 39 оқушы, ал грамоталармен 20 қатысушы марапатталды. Сонымен қатар жеңімпаздарға Қаныш Сәтбаев атындағы Техникалық зерттеу университетінің екі білім беру гранты табысталды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ