Қазақстан мен Германияның аграрлық саладағы ықпалдастығы жоғары деңгейде

0
17

Елімізде CLAAS компаниясы ауыл шаруашылығы техникасының өндіріс көлемін 242 млрд теңгеге дейін арттырды. Бұл жоба елдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі индустриялық кооперация мен өндірісті жергіліктендірудің табысты үлгілерінің біріне айналды.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Германия экономикасының Шығыс комитетінің басқарма төрайымы Катрина Клаас-Мюльхойзермен кездесуінде ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Тараптар сауда, инвестиция және технологиялық әріптестік бағыттарын қоса алғанда, өзара іс-қимылдың қазіргі тыныс-тіршілігі мен келешегіне назар аударды.
Министр екіжақты қатынастардың қарқынды дамуына тоқталды.

«Қазақстан мен Германияның аграрлық саладағы ықпалдастығы жоғары сенім деңгейін және жүйелі дамуды көрсетіп отыр. Балтырғы жылдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тауар айналымы 23%-ға өсіп, экспорт 38%-ға артты. Біз өзара сауда көлемін ұлғайтып, жеткізілетін өнім түрлерін кеңейтуге дайынбыз», — деді Айдарбек Сапаров.

Келіссөздер барысында өнеркәсіптік кооперация бағытында табысты жүзеге асырылып жатқан бастамаларға ерекше көңіл бөлінді. Солардың бірі Қазақстанда CLAAS ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін жергіліктендіру жобасы. Ол 2021 жылдан бері CLAAS концерні, CT AGRO және HORSCH компанияларының қатысуымен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен қолға алынуда. Өндірістік алаң Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында орналасқан.

Кәсіпорын жылына 370 бірлікке дейін өздігінен жүретін және 370 бірлік тіркемелі техниканы шығаруға мүмкіндік береді. Жергіліктендіру аясында заманауи ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі жолға қойылған. Оның ішінде XERION тракторлары, TRION астық жинайтын комбайндары, HORSCH Sprinter егіс кешендері, сондай-ақ әртүрлі модификациядағы жаткалар бар.

Жоба іске қосылғаннан бастап 714 комбайн, 363 трактор, 270 егіс кешені және 500-ге жуық жатка өндірілді. Шығарылған өнімнің жалпы құны 242,3 млрд теңгеге жетті.

Өз кезегінде Катрина Клаас-Мюльхойзер әріптестікті одан әрі тереңдетудің маңыздылығын айта келіп, Германия компанияларының Қазақстандағы қызмет аясын кеңейтуге деген қызығушылықтың зор екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап өндірісті жергіліктендіруді кеңейту, технологиялар трансферті және агроөнеркәсіптік салада жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бағытында әріптестікті нығайтуға ынталы екендерін жеткізді.