Атырауда ауқымды волонтерлер фестивалі өтті

0
17

Атырауда ATYRAU VOLUNTEER FEST атты волонтерлер фестивалі өтті. Фестивальге 1000-ға жуық волонтер, белсенді жастар мен түрлі ұйым өкілдері қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсатына арналған Халықаралық волонтерлер жылы аясында өтті.

Фестиваль волонтерлердің басын қосқан бірегей алаңға айналды. Кездесу барысында волонтерліктің қоғамдағы маңызы, жастар бастамаларын дамыту және халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.

Іс-шара барысында өңірде волонтерлік қозғалыстың жүйелі түрде дамып келе жатқаны атап өтілді. Бүгінде өңірде үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтар жұмыс істеп, жас еріктілермен қатар, «күміс» волонтерлер қатары да артып келеді.

Фестиваль аясында экология, медицина, әлеуметтік көмек көрсету, төтенше жағдайда жедел әрекет ету және жануарларды қорғау бағытындағы жобалар таныстырылды. Қатысушылар үшін интерактивті алаңдар, топтық ойындар, байқау, жәрмеңке және фудкорт ұйымдастырылды.

Фестиваль гала-концертпен аяқталып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.

Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Атырау облысының ішкі саясат басқармасы мен «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырды.