ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫНДА “БІРЛІК. ДОСТЫҚ. БЕРЕКЕ” АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ
Бүгін Президент саябағында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «БІРЛІК. ДОСТЫҚ. БЕРЕКЕ» атты мерекелік шара өтті.
Саябақта қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы бұйымдары мен жас суретшілердің шығармашылық туындылары қойылған көрме көпшілік назарына ұсынылды. Гүлдер және құстар фестивалі келушілерге ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов жиналған жұртшылықты бейбітшіліктің, келісімнің мерейлі мейрамымен құттықтады.
«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар жемісін беруде.
Соның бір айғағы – Президент саябағы. Бұл орын қызылордалықтардың жиі келіп, жан сергітетін жайлы мекеніне айналды. Алдағы күндері осы аумақта жылдың төрт мезгілінде жұмыс істейтін балалар тынығу лагері мен Ботаникалық бақ пайдалануға беріледі. Білім мен тәрбие, таным мен тағылым ұштастырылып, өскелең ұрпаққа мол мүмкіндік ұсынылады.
Бүгін, міне, жаңа саябақтың саясында халқымыздың рухани және жасампаз құндылықтары дәріптеліп, Бірлік күні айрықша аталуда.




Бұл – ынтымақ пен достықты нығайтатын мейрам.
Бір мақсат, жарқын болашақ жолында біріккен халқымыз үшін айтулы күннің бәсі биік. Ұлт даналығында «Ырыс алды ынтымақ» – деген тағылымды сөз бар.
Расында, ынтымаққа ұйысқан жерде ырыс жүреді. Ырысымыз тасыса, ел еңсесін тіктейді, мемлекеттің мерейі үстем болады. Біздің қастерлі Қазақстанымызда бірлік ұғымы әркез бірінші орында.
Барлық этнос өкілдері еліміздегі игіліктерге тілекші.
Бүгінде Сыр бойындағы 30 – дан астам этнос өкілдері өңірімізді өркендету жолында түрлі салаларда еселі еңбек етіп, аймақ дамуына айрықша атсалысып келеді.
Облысымызда 11 этномәдени бірлестік пен 9 қоғамдық құрылым табысты жұмыс жүргізуде. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен баршаңызды тағы да құттықтап, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын!»,- деді қала әкімі.
Мерекелік бағдарлама аясында этнос өкілдері өнер көрсетіп, көрермен қауымға ән-жырдан тарту ұсынды. Орындалған патриоттық шығармалар қоғамдағы бірлік пен татулық құндылықтарын кеңінен насихаттап, маңызын айқындай түсті.
Айта кету керек, өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының демеушілігімен«Достық үйінің» жаңа ғимаратының іргетасы қаланған болатын.
Аймақ басшысының қолдауымен нысан биыл пайдалануға беріліп, онда V Ұлттық құрылтай өтті.
Бүгінде «Достық үйі» қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыратын маңызды рухани-мәдени орталыққа айналды.










