Қазақстандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жеңілдікпен лизинг беру бағдарламаларын енгізудің арқасында отандық өндірістің сатып алудағы үлесі 95%-ға жетті. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Атамекен» ҰКП төрағасы Қанат Шарлапаев баяндады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен палатаның бірлескен жұмысы «Агробизнес» бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын жеңілдікпен қаржыландыру тетігін енгізуге мүмкіндік берді. Айналым қаражаты жылдық 5%-бен беріледі.
«Отандық өндіріс мүддесі үшін пестицидтер, тыңайтқыштар және тұқымдар бойынша сараланған өтеу нормативтері бекітілді. Бұл шаралар саланың өнімділігін арттырып, қосылған құнның өсуіне жол ашты», — деді «Атамекен» ҰКП төрағасы.
