Астанада үш күндік THE PITCH инвестициялық бағдарламасы өтіп жатыр. Бағдарлама аясында қазақстандық кәсіпкерлер өз жобаларын отандық және шетелдік инвесторларға таныстырады.
Бағдарламаны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры ұйымдастырды. THE PITCH бағдарламасы республикалық Creative Shift акселерациялық бағдарламасын жалғастырады.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ержан Тоқтағұлов қатысты. Вице-министр өз сөзінде креативті индустрияның экономиканы жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Саладағы басым міндеттер қатарында заңнаманы жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік қолдау тетіктерін жақсарту аталды.
Алматы, Шымкент және Астанада өткен Creative Shift бағдарламасына 650-ден астам адам қатысты. Қатысушылар бизнесті басқару, маркетинг және инвестиция тарту бойынша білім алды. Оқу қорытындысында іріктелген 55 жобаның 24-і инвестициялық сессияның бірінші күні, қалған 31-і екінші күні ұсынылады.
THE PITCH бағдарламасына дайындық кезінде 70 қатысушы үш күндік қосымша оқудан өтті. Олар бизнес-модельдерін пысықтап, инвесторларға арналған ұсыныстарын әзірледі.
Сессияға 83 инвестор мен серіктес шақырылды. Олардың қатарында Корея, Сингапур, Түркия және басқа елдердің инвестициялық ұйымдары мен венчурлік платформаларының өкілдері бар.
Креативті индустрияларды дамыту қорының төрағасы Ерлан Қаналимов салаға жеке инвестиция тартудың, шығармашылық жобаларды табыс көзіне айналдырудың және қазақстандық кәсіпкерлерге халықаралық нарыққа шығуға жол ашудың маңызын атап өтті.
Инвестициялық сессияларда әр команда өз жобасын әлеуетті инвесторларға таныстырады. Қаржыландыру шарттары мен алдағы әріптестік жеке кездесулерде талқыланады.
Бағдарламадан кейін де қор тараптардың келіссөздеріне қолдау көрсетіп, коммерциялық келісімдер жасасуға көмектеседі.
