Маңғыстау тұрғындарының 92 пайызы халық санағынан өтті
Маңғыстау облысы тұрғындарының 92 пайызы халық санағынан өтті. Бұл туралы жергілікті Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев айтты, – деп хабарлайды zamandas.kz сайты.
«Облыста халық санағынан онлайн форматта 245 183 адам өтті. Бұл 33,5% құрап отыр. Ал оффлайн түрде 428 036 адам тіркелген. Бұл 58,5% құрайды. Өңірде барлығы 673 219 адам немесе облыс тұрғындарының 92 пайызы халық санағынан өтті», – деді Абзал Меңдібаев.
Баспасөз конференциясына Маңғыстау облысы статистика департаментінің басшысы Римма Утюшева да қатысты. Оның айтуынша, 27 қазанда жүргізілген санақтың нәтижесіне сәйкес, аймақ бойынша Маңғыстау және Түпқараған ауданы жоғары көрсеткішке ие.
«Халық санағының жаңа жүйесін Маңғыстау ауданы тұрғындарының 53,8 пайызы қолданды. Ал Түпқараған ауданында бұл көрсеткіш 48% құрап отыр. Осы орайда үздік үштікке 42,7% нәтижемен Қарақия ауданы да енді», – деді Римма Утюшева.
Айта кетейік, оффлайн форматтағы санақ 30 қазанға дейін жалғасады. Биыл санақ алғаш рет цифрлық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылуда.