Ақтауда көтерме-тарату орталығының құрылысы басталды
Бүгін Ақтауда көтерме-тарату орталығының құрылысы басталды. Орталықта жергілікті ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге сауда орындары ұсынылады. Бұл өз кезегінде делдалсыз өнім сату арқылы тұтынушылар үшін бағаны тұрақтандыруға оң әсер етеді, – деп хабарлайды altyalash.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа көтерме-тарату орталығының құны – 1,5 млрд теңге. Жобаны жеке инвесторлар жүзеге асырады. Көтерме сауда орталығы бөлшек сауда базарлары, дүкендер, мейрамханалар және басқа да бизнес субъектілері үшін азық-түлік тауарларының көтерме саудасын ұйымдастырады. Осылайша, делдалды алып тастап, жергілікті өндірушілердің өнімін кепілді өткізудің арқасында азық-түлік тауарларының бағасы төмендейді деп күтілуде.
«Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Жобаның басты мақсаты – бәсекелестікті арттыру арқылы азық-түлік бағаларының негізсіз өсуін болдырмау. Жобаның бастамашысы жергілікті – «ОРЦ Актау» ЖШС-і. Мұндағы сауда және қойма көлемі 20 000 шаршы метр болады. Құрғақ қойма, тоңазытқыш және мұздатқыш қоймаларға жылына 73 мың тонна өнім сақталатын болады. Инвестор жоба аясында 200 жаңа жұмыс орнын құрып, жергілікті бюджетке жылына 50 млн. теңгеден астам қаражат салық төлейді деп күтілуде», – деді Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Көтерме-тарату орталығы 2023 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, 22 қыркүйекте Маңғыстау облысына келген сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі жиында инфляция деңгейінің жоғары екенін, мұның азық-түлік тауарлары бағасының тез өсуіне әсер етіп жатқанын атап өткен еді.
Ол өз сөзінде азық-түліктің 80 пайызға жуығы импортталады. Осы ретте 50 мың тонна көкөніс сиятын қоймалардың тапшылығы байқалатынын атап өтті.
«Бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Аталған мәселені маңыздылығына қарай шешу қажет. Ол үшін тиісті механизмдер бар. Осыған қатысты Үкімет Көкөніс қоймаларының құрылысы жөніндегі жол картасын әзірледі. Азық-түлік бағасының қымбаттауын тоқтату үшін ауыл шаруашылығы өнімдеріне толық қол жетімді әрі ретке келтірілген сауда алаңдарын ашу керек. Әкімдікке Ақтау қаласында коммуналды және көтерме базарларды салуды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.