Шиелі диқаншылары 25,9 млрд теңгенің өнімін өндірді
Биыл Шиелі ауданында ауыл шаруашылығы саласында 25,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда 102,8%-ға артқан, – деп хабарлайды zamandas.kz сайты.
Негізгі дақыл 12 039 гектар күріштің әр гектарынан 55 центнерден өнім алып, 66 214 тонна күріш салысы жиналған.
Осы ретте Шиелі ауданында «Алтын күз – 2021» мерекелік шара ұйымдастырылды. Аудан әкімі Нариман Мақұлбеков қатысып, сала үздіктерін марапаттады.
Сонымен қатар шара барысында Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов облыс әкімінің құттықтау хатын оқып, Шиелі ауданы әкімі Нариман Мақұлбековке табыстады. Ал Н. Мақұлбеков диқаншылардың биыл жеткен жетістіктерін айтып, алғыс білдірді. Диқаншыларға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің наградалары мен облыс әкімінің алғыс хатын табыстады.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар ауданда Ы. Жақаевтың 130 жылдығы да ерекше аталып өтуде. Атап айтқанда ауданда «Жалпақ жұртқа аты мәлім Жақаев» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Ауыр атлетикадан республикалық турнир ұйымдастырылды.
«Ы. Жақаев мұражайына экскурсия жасалды, жастар арасында Жақаевшылар қозғалысы бастау алды. Ыбырай атаның досы, замандасы, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай Мойынқұм ауданында өткізілген мәдени шараға ауданнан делегация барып, қатысып қайтты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ішінде тұрақтылық пен бірліктің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде – елімізде ілкімді істер мен толымды тірліктер атқарылып, бағындырған белестерімізбен алған асуларымыз артты. Ауданымызда бірқатар жоба жүзеге асып, көптеген жетістікке қол жеткіздік. Тіпті судың тапшылығына қарамастан аудан ауыл шаруашылығы саласының мамандары жетістіктерге жетіп отыр. Биыл аудан күрішшілері жоғары өнімге қол жеткізіп, Шиелі ауданы егін шаруашылығы бойынша облыста «Озат аудан» атанды», – дейді Шиелі ауданының әкімі Н.Мақұлбеков.