Елдегі 20 жоғары оқу орны Назарбаев Университетінің үлгісіне көшеді

0
266

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин елдегі 22 университетті Назарбаев Университеті үлгісіне көшіруді тапсырды, деп хабарлайды zamandas.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Премьер-министр Үкімет отырысында Білім және ғылым министрлігіне бірқатар тапсырма берді.

«Бірінші. Білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында жоғары білімнің сапасын қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар мен индикаторды қарастыру қажет.

Екінші. Қаржы, Ұлттық экономика және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биылғы 22 қарашаға дейін Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша 2021-2025 жылдарға арналған жол картасын пысықтап, Үкіметке енгізсін», – деді Асқар Мамин.

Сондай-ақ, ол Петропавл мен Шымкентте Назарбаев Университеті үлгісінде 2 жоғары оқу орнын ашуға қаржы қарастыру керектігін атады.

«Мықты деген 20 өңірлік университетті, Петропавл мен Шымкентте «Назарбаев Университеті» үлгісінде 2 жоғары оқу орнын ашуды қаржыландыру мәселесін пысықтау керек. Шетелдік және қосдипломды бағдарламаларды, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту жұмысын жалғастыру қажет», – деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Білім және ғылым министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ғылым мен жоғары білімнің бірыңғай цифрлық платформасын құруды пысықтауды тапсырды.

Бұл жұмыстың бәрін бақылау вице-премьер Ералы Тоғажновқа жүктелді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ