Маңғыстаулық самбошы әлем чемпионы атанды
Маңғыстаулық самбошылар Ташкентте өткен әлем чемпионатында алтын және қола жүлдеге ие болды, – деп хабарлайды zamandas.kz сайты mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қыздар арасында 54 келі салмақта бақ сынаған Гүлдана Әлмұханбетова алғашқы жекпе-жекте молдавалық балуанмен белдесті. Екінші кездесуде ресейлік балуанды тізе бүктірді. Ал соңғы жекпе-жекте Маңғолиядан келген балуаннан басым түсті. Нәтижесінде, алтын жүлдені қанжығасына байлады.
Ал ерлер арасында 58 келі салмақта сынға түскен Нүркен Домбаев жүлделі қола медель алды. Ол алдымен тәжік балуанымен күресіп, таза жеңіске жетті. Екінші кездесуде маңғол спортшысын накаутпен ұтты. Соңғы жекпе-жек Нүркен үшін сәтсіз болды. Яғни өзбек балуанына есе жіберіп, 3-орынға тұрақтады.
Маңғыстаулық самбошыларды қолдауға ҚР самбо федерациясының вице-президенті Айдос Амангелдіұлы мен «Жас батыр» спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов барды.
Самбодан әлем чемпионаты 12-14 қараша күндері өтті. Жарысқа 54 елден балуандар қатысты. Сонымен қатар жүлделер алғаш рет 7 салмақ дәрежесінде сарапқа салынды. Ал қазақстандық спортшылар жалпы командалық есеп бойынша 2-орынға жайғасты. Келесі әлем чемпионаты 2022 жылы Түрікменстан астанасы Ашғабат қаласында өтеді.
Айта кетейік, кеше маңғыстаулық самбошыларды жанкүйерлері күтіп алды.