Қайдасың, қазақ журналы?

«Жұлдыздар отбасы», «Жалын», «Айгөлек» сынды қазақ журналдарын ұмытпаған боларсыз. Кіл мықтылар жазған жаңа шығармалардың бәрі тек осы журналдарда жарияланатын-ды. Өйткені сол мезетте аталған басылымдарға мұқтаждық бар еді. Ал қазір керісінше әдебиеттің кеңістігі кеңейді. Әдебиетке жаңа келген кез келген жазарманның есімі яки туындылары ғаламтор бетінде тұр. Кезінде көп оқылған һәм әдеби ортаның белгілі бір деңгейде күші бола алған журналдар қайда қазір?
0
395

Статистика бойынша елімізде 3 463 газет-журнал тіркелген екен. Оның 2 138-і – газет, 1 325-і журнал. Дәлірек айтсақ, 236-сы – қазақ тілінде, 459-ы орыс тілінде шығады. Бұл журналдардың 304-і Нұр-Сұлтанға тиесілі болса (6-ы қазақ, 87-сі орыс тілінде), 702-сі Алматы қаласынан (124-і қазақ, 265-і орыс тілінде) жарық көреді. Екі қаладан кейінгі көп журнал жарияланатын өңір – Түркістан облысы мен Шымкент қаласы. Онда барлығы 104 журнал басылып шығады. 41-і қазақ, 28-і орыс тілінде. Ал елімізде қазақ-орыс тілінде барлығы – 397, үш тілде шығатын 233 журнал бар. Сонымен қазақ журналының оқырманы неге азайды?

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, талантты ақын-жазушылардың шоғырын қалыптастырып, тіпті әдеби ағымдар тудырған осы журналдар болды. Яғни кез келген журнал әдеби сөзді, көзқарасты, мінез-құлықты қалыптастыра білді. Қала берді республикалық, облыстық журналдар сол аймақтың әдеби ортасының ұйытқысы бола білген-ді. Егер ол олай болмаса, ешкім іздеп, оқымайтын еді.

2000 жылдардың басында жеке газет шығарушылар белең ала бастады. «Шетел әдебиеті», «Кентавр» деген газеттер аз уақыт қана жарияланып, кейін қаржылық жағдайға байланысты тұралады, тоқтады.

Талай таланттың тұсауын кескен «Жұлдыз» журналы 2020 жылы «Жылдың ең үздік журналы» атанды. Алғаш рет 1922 жылы «Әдебиет және искусство» деген атпен жарық көрген басылым биыл ғасыр тойын тойламақ. Қазір осы аталған әдеби журналдың 1700 таралымы бар. Бас редактор Ғалым Жайлыбайдың айтуынша, бұл көрсеткіш 2020 жылға қарағанда 500 данаға көбейіпті. Соңғы жылдарда Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі қаржылай көмек көрсетіп отыр екен. Ал қаламақы мәселесі әдеттегідей қуанттарлық емес, тіптен аз ғана мөлшерде беріледі.

«Парасат» қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журналы 1958 жылдан бастап жарық көріп келеді. Ол кездегі атауы – «Мәдениет және тұрмыс» болған. 1990 жылдан бері «Парасат» деген атаумен жарияланып жүр. Журнал ХХ ғасырдың 70-80 жылдары жарты миллионнан астам данамен таралған. 90-жылдардағы балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заманда баспасөздің басынан бақ тайғаны белгілі. Содан бері «Парасаттың» да таралымы күрт кеміді. Біраз уақыт шықпай қалған кездері де болды. 2020 жылдың шілде айынан бастап басылым жұмысы біртіндеп қалыпты ырғағына көшіп, қайта жарық көре бастады. Қазіргі таралым саны – 811 дана.

Өзіндік оқырман ауиториясы қалыптасқан басылымның бірі – «Ақиқат». «Қазақ газеттері» ЖШС-ға қарайтын басылым айына 1 рет, 116 бетпен шығады. Таралымы 3000 дана. Негізінен мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді. Ал жасөспірімдерге арналған «Ақ желкен» журналы бес мың данамен шығып отыр. Қазақстанда 2,5 миллион оқушы барын ескерер болсақ, журналдың тарылымы көп пе, аз ба өзіңіз бағымдай беріңіз.

«Абай» журналы 1918 жылдың 4 ақпанынан бастап қазіргі Семей қаласында жарияланды. Тұлғаға арналған тұңғыш журналды қазақ прозасының мектебін қалыптастырған Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов «Екеу» деген лақап атпен ашып, редакторлық жасаған. Демеушісі – Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін қалаушы, Мәскеуден алған бірінші гильдиялы көпес құжаты бар аса бай миллионер саналған Қаражан Үкібаев. Оны демеушілікке Мұхтар Әуезов көндірген деседі. Алғашқы саны 900 данамен шыққан журналға шығарушы редакторлардан басқа Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Ғұмар Қарашев, Смағұл Сәдуақас, Халел Досмұхамедовтердің өлеңдері мен публицистикалық мақалалары жиі жарияланды. Ондағы мақалалардың барлығы бүркеншік атпен беріліп отырған. Алашорда үкіметі құлаған соң «Абай» журналы да 1918 жылғы қарашадағы соңғы 11 санынан кейін жабылып қалады. Оның жалғасы ретінде 1992 жылдан бастап жаңа «Абай» шыға бастайды. Рысхан Мусиннің бас редакторлығымен жалғасқан журнал ол қайтыс болған соң жауапты хатшы Мұратбек Оспановтың жеке иелігіне өтеді. Ал қазір қаржылық қолдауға байланысты басылым 5-6 жылдан бері тоқтап тұр.

2007 жылы аудармашы Кеңес Юсуповтың бастамасымен шыққан «Әлем әдебиеті» журналы – қазақ әдебиетіндегі шетел шығармаларына арналған жалғыз басылым болды. Тиражы 1500-2000 дана көлемінде болған журналға жаңа аудармалар, Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармалары мен сұқбаттар жарияланды. Сондай-ақ әр елдің әдебиетіне тұтас нөмір арнау дәстүрі қалыптасты. Ал ондағы шығармалар арнайы тапсырыспен түпнұсқадан аударылған. Әдеби журнал тендер арқылы қаржы тауып, ал қалған шығынын «Фолиант» баспасы жауып отырыпты. 2016 жылы министрліктен тендер болмағандықтан, басылымның жұмысы тоқтаған. Кез келген мәдениетті һәм өркениетті мемлекетте әлем әдебиетіне арналған бірнеше газет-журнал бар. Ал елімізде бүгінгі таңда мұндай бірде-бір басылым жоқ. Бұл ең алдымен, қазақ әдебиетінің деңгейін, одан кейін Үкіметтің ел әдебиетіне деген салғырт көзқарасын білдірсе керек.

Сонымен… Қазақ әдебиетінің бір қабырғасына айналған журналдардың бүгінгі хал-ахуалына қарап, 1000 данамен журнал шығару қажет пе өзі деген ойға қаласың. Шынында, аз тиражбен жарық көретін басылымның көркемдік деңгейі қандай болмақ? Оқырман талғамы үшін емес, тек тендер үшін ғана «тірі» тұрған журналдардың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қандай да бір үлесі бар ма? Яки басқа тұрғыдан қарар болсақ, қанша дана болса да, қағазға басылған дүние – ертеңгі тарих. Тек өкініштісі сол, қағазға басылған дүниені астын сызып оқитын оқырманның төбесі көрінбейді.

Егер ғайыптан тайып газет-журналдар жаппай оқылатын болса, басылымдардағы бүгінгі бар мен жоқтың арасындағы ахуал өзгеріп, көркемдік деңгей әлдеқайда жоғары әдеби журнал шығаруға қауқар жетеді деп ойлаймыз. Ол үшін, әрине, алдымен кітап, газет-журналдың насихатын күшейту керек сияқты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ