Қалтаны қаққан қымбатшылық

Қазір кез келген ақпарат таратушы сайтты яки теледидарды көре қалсаңыз қымбатшылық тақырыбы айқайлап тұр. Елімізде инфляция мамыр айында 14 процентке көтеріліп, 2016 жылдан бергі рекордтық мәніне қайта оралды. Қазіргі геосаяси қысым бүкіл әлемде баға коллапсын тудыруда. Тауарлар мен қызметтер біздің елде ғана емес, әлемнің басқа құрлықтарында да қымбаттап жатыр. Оған соңғы көрсеткіштер дәлел. Бұл өз кезегінде Ресеймен тауар айналымын белсенді жүзеге асыратын елімізге ерекше әсерін тигізді.
0
279

Наурызда 12 процентке шығып, рекордтық меже орнатқан инфляция деңгейі сәуір айында жылдық мәнде 13,2 процентке көтерілді. Соңғы бір жылда азық-түлік тауарлары – 17,9, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 11,1 және ақылы қызметтер 8,9 процентке қымбаттаған. Әсіресе былтырғы сәуірмен салыстырғанда жаңа піскен көкөніс, құмшекер, картоп пен құс етінің бағасы аспандаған.

Бағаны ырықтандырумен үкімет белсенді айналысып жатыр. Соның ішінде Сауда және интеграция министрлігі дүкендердің рұқсат етілген сауда үстемесін сақтауды қатаң қадағалайды. Ал ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, қазір елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры шамамен 643,5 мың тоннаны құрайды. Қант зауыттары өнімін есепке алмағанда, шамамен 30 мың тонна қант қоры бар. Айта кеткен жөн, елдегі 19 миллион халықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін 500 мың тоннадан астам қант керек екен. Осыған қарап шекермен шекіскен қарашаның халін ұғынуға болатындай.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ай басында азық-түліктің негізсіз қымбаттауына жол берген өңірлердің әкімдеріне бұл мәселеге жеткілікті бақылау жасалмай отырғандығын атап көрсеткен еді. «Азық-түлік бағасын ұстап тұру – бірінші кезектегі маңызды мәселе. Мен бірнеше рет «айналым схемасын» қаржыландыруды арттыруды тапсырған едім. Алайда бүгінде жұмыс тиісті деңгейде орындалған жоқ. Осы айдың соңына дейін қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін арттыруды тапсырамын. Алдағы аграрлық маусым қарсаңында өңірлердің бірінші кезектегі міндеті күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық шарттар жасасу болуға тиіс. Егер қазір мүмкіндікті жіберіп алсақ, маусымаралық уақытта біз бағаның өсуіне тағы да тап боламыз» деп ескерткен болатын Премьер-Министр.

Ұлттық статистика бюросының деректерінде азық-түлік өнімдерінің 22, азық-түлік емес өнімдердің 60 проценті импорт екені айтылған. Азық-түлік импортының 20 проценті Ресейдің үлесінде. Наурыз айындағы инфляция деректерінде тауар номенклатурасы бойынша ақ қырыққабат – 49,6, түйіршіктелген қант – 34,3, пияз – 31,2, сәбіз – 15 процентке қымбаттағаны айтылған. Сондай-ақ наурызда газ бағасы – 50, бренд мұнайы – 38, бидай – 30, алтын 6 процентке өсті.

Қаржыгер, сарапшы Андрей Чеботарев баға өсіміне қатысты өз ойын төмендегіше пайымдайды:

–Теңге соғысқа дейінгі деңгейіне оралды, енді баға неге төмендемейді деп сұрайды бәрі. Біріншіден, теңгеге деген сенім бәрібір төмен. Қазіргі күшейгені уақытша, бір күні қайтадан әлсірей бастайды деп ойлайды. Екіншіден, бізде психология бағаны тікелей төмендету өте қиын болатындай етіп қалыптастырылған. Жалпы алғанда теңгеге деген сенімнің төмендігінен бағаны кері қайтару өте қиынға соғады. Бағаны төмендету теңге курсын төмендетуден де қиын.

Иә, баға күннен күнге шарықтап барады. Теңгенің ревальвациясы да азық-түлік бағасының арзандауына ықпал ете алмай отыр. Осыған байланысты сарапшылардың пікірі де сан түрлі. Тіпті «Үкімет теңгені қолдан қоректендіру арқылы экономикадағы нақты жағдайды бүркемелеп отыр» деген күдік те бар қоғам арасында. Бұрындары сауда орындарынан 15-20 мың теңгенің өзіне бір талай зат алушы едік, ал қазір 40-50 мың теңгенің өзін әзер жеткіземіз. Баға қайда барасың?

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ