Ғаламдық қатерден қауіп төнбесін

Қазақстанда радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің идеологиялық аспектілеріне жол бермеу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
0
307
Еліміздің барлық өңірлерінде 2 мыңнан астам дінтанушылар мен теологтар түсіндіру жұмыстарын жасап жатыр. Басты бағыт – мақсатты және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, деструктивті идеологиядан зардап шеккендерді оңалту және діни экстремизмге қарсы насихат жүргізу.
2021 жылдың 11 айында 28 мың түрлі форматтағы іс-шаралар, оның ішінде 952 мың адамды қамтыған мақсатты топтар арасында 7,9 мың іс-шара іске асырылды. Бұл шаралар жұмыссыздар, жастар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, сотталғандар және олардың отбасы мүшелеріне және т. б. қауіп-қатер топтарға назар аудара отырып іске асырылуда.
Алдын алу шаралардың бірі – интернет кеңістігіндегі жұмыс. Мәселен, 2021 жылдың басынан бері интернет-кеңістікте діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 181 мыңнан астам материал анықталып, жойылды. 324 заңсыз материал бұғатталды. Өткен жылмен салыстырғанда жойылған және бұғатталған контент саны 8 еседен астам өсті.Бүгінде әлеуметтік желілер теріс ағымдар мен топтар үшін өздерінің уағыздарын жүргізетін тиімді құрал болып отыр. Бұл ел арасын бүлдіру, іріткі салу, жас өскіндердің бетін теріске бұру сияқты жағымсыз міндеттерді жүзеге асырушылардың асығын алшысынан түсіруде. Сол себепті әлеуметтік желілерді өздерінің мінберіне айналдырған бұзық ниетті топтардың насихаттарын теріске шығаратын күштерді арттыру, яғни дәстүрлі дініміздің білікті өкілдерінің дауысын өзгелерге қарағанда қаттырақ шығару амалдарына баса назар аударған абзал.
Қоғамда діни экстремистердің қапы қалдырып, талмау тұстан ұрып, есеңгіретіп кетіп жүрген кездері аз кездескен жоқ. Сондықтан да қазіргі таңда діни экстремизм қауіп бар дегенге толықтай негіз бар. Егер бұл тұжырымымыз дәлелсіз болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Мәжілістің отырысында «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» тақырыбында сөйлеген кезде «Діни экстремизмге қарсы күресте жүйелі іс-шаралар кешенін іске асыру қажет екеніне ерекше тоқтала келіп, «Олардың криминалмен, әсіресе қылмыстық-атқару мекемелерінде сыбайласып кетуіне мүлдем жол бермеу керек» деп алаңдаушылық танытпаған болар еді.
Діни экстремизмге және терроризмге қарсы күрес бағытында жедел іздестіру және профилактикалық іс-шараларының ағымдағы жылға арналған кешенді жоспарына сай Шиел ст. ЖПб-нің қызмет атқару аймағында станциялар мен бекеттерінің темір жол қызметкерлерімен кездесіп, дөңгелек үстел жұмыстарын өткізіп, жолаушылар пойыздары тексерілуде.
«Дінің тұрсын дін аман!». Жұрт тыныштығын, ел амандығын тілеген жамағат жиі айтатын қазақтың осы нақыл сөзінің мән-мағынасына терең бойлар болсақ, бейбіт өмірдің берекесін қашырар себеп-бастаулардың алдыңғы қатарында радикализмнің, діни экстремизмнің, терроризмнің тұрғандығына көз жеткізуге болады.
Отан, қоғам – баршамызға ортақ. Сондықтан ондағы ауқымды мәселелерді еңсеру тек биліктің ғана емес, жалпыхалықтық парыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ