Темір тұлпарды да таңдай білген жөн
Сізге ең қауіпсіз көлік қайсы деп сауал жолдасақ, бірден пойыз деп жауап беретініңіз анық. Негізі бұл қате жауап. Ең қауіпсіз болып саналатын ол – ұшақ. Одан кейінгі орында – құрлық көліктері, содан кейін ғана барып пойыз. Ал жеңіл автокөліктердің ішінде қауіпсізі қайсы? Мамандардың зерттеулерін назарларыңызға ұсынбақпыз.
Әр үшінші қазақстандық тізгіндейтін «темір тұлпар» ең қауіпті қозғалыс көлігіне жатады екен. Жол сақшыларының сөзіне сенсек, көлік апатының көбі қарапайым жол ережелерін сақтамаудан болады.
–Көлік сияқты қауіпті механизм асығып-аптығуды кешірмейді. Кез келген іс, мейлі ол қандай маңызды болса да, өзіңізге аманаттап берілген өміріңізге татымайтынын ешқашан есіңізден шығармаңыз. Ешкім де біреудің өмірін өксітуге құқы жоқ. Ол үшін көлік рөлінде отырған әрбір жүргізуші жол жүру ережесін сақтауға міндетті, – дейді мамандар.
Көліктердің қауіпсіздік деңгейіне арнайы зерттеулер жүргізген Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясының мамандары автомобильдердің танымал модельдерінің бәрі сенімді және қауіпсіз бола бермейтінін айтады. «Қазақстанда Hyundai Accent, Kia Rio моделдері өте танымал. Бұл – ел тұрғындарының ең көп сатып алатын көліктері. Бірақ олардың қауіпсіздігі тиісті талаптарға сай емес. Мысалы, Euro NCAP агенттігінің зерттеулеріне сүйенсек, Kia Rio моделін иеленген жүргізушінің қауіпсіздігі – 85 процент, ал оның қасындағы жолаушының қауіпсіздігі 62 процент деңгейінде ғана бағаланған. Hyundai Accent автомобиліне жүргізілген краш-тестің нәтижесі жүргізушінің қауіпсіздігі бар болғаны – 9, машина ішіндегі балалардікі – 11 процент ғана екенін көрсеткен», – дейді сақтандыру компаниясының мамандары.
Бір айта кетерлігі, қазақстандықтардың көбі көліктің қауіпсіздігіне емес, оның бағасына, үнемділігі мен жүру төзімділігіне көңіл аударады екен.
Сонымен елімізде жүрген көліктердің ішінде ең сенімдісі қайсы? Казақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметтеріне сәйкес 2022 жылғы сатылымы жоғары автомобильдер қатарында Hyundai, Chevrolet, Kia, Lada және Toyota танылған. Бірақ бұл көліктер қазақстандық нарықта танымал және сұранысқа ие болғанымен, олардың сенімділігі жоғары деңгейде емес. Freedom Finance Insurance сақтандыру компаниясының мамандары жүргізген сауалдамаға сәйкес еліміздегі ең сенімді көліктер ретінде Volvo XC90, Toyota Camry, Mercedes-Benz E аталған. Айталық, NCAP агенттігі краш-тест нәтижесінде Volvo XC90 автомобиліне 5 жұлдыз берген. Зерттеушілердің пікірінше, бұл көлікке отырған жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздік деңгейі 97%-ке жетеді. Оның бампер мен радиатор шілтері жабындысының жұмсақтығы сондай, байқаусызда көлік дөңгелегінің астында қалған адамның аман қалу мүмкіндігі 72%-ке дейін жетеді екен.
Жалпы жеңіл көліктердің қауіпсіздігін әр ел өзінше бағалайды. Бұл сол мемлекетте танымал көліктердің маркалары мен жүргізушілердің таңдауына да көп байланысты. Мысалы, америкалықтар биылғы жариялаған рейтингіде ең сенімді көлік деп Hyundai Elantra моделін атаған. Олардың пікірінше, көліктің сырты берік болатпен қапталған, қандай апатта та төтеп бере алады. Заманауи электроникасы мен қауіпсіздік жастықтары да ақылмен жасалған. Сонымен қатар АҚШ Kia Soul, Вольво ХС90 көліктерінің қауіпсіздігін де өте жоғары бағалапты.
Ал еуропалықтар Nissan Qashqai, Volvo C40 Recharge, Mercedes-Benz C-Class көліктерінің қорғау жүйесі мықты деп санайды. Автомобильдер қауіпсіздігі бойынша тест жүргізу жөніндегі Еуропалық комитеті Nissan Qashqai көлігінің құрылымы мен дизайны ғана емес, сыртқы қаңқасы да берік жасалғанын айтады. Соның нәтижесінде көлік бетпе-бет соқтығысса да жүргізуші мен жолаушының өмірі аман сақталатын көрінеді.
Иә, көлік – пайдалы механизм, бірақ оны дұрыс жүргізбесе, қауіпті екенін де естен шығармау қажет. Freedom Finance Insurance СК мамандарының кеңесіне құлақ түрсек, көлік сатып аларда оның қауіпсіздік деңгейіне де көңіл аударған жөн. «Жаңа көлік сатып алушылар көбіне көліктің арзанына жүгіреді. Бірақ оның қауіпсіздігіне де ерекше ден қойған абзал. Өйткені адамның өмірінен артық маңызды ештеңе жоқ. Қара жолда қаншама адамның өмірі үзіліп жатады. Кей жағдайда көліктің сапасыздығы да оған әсер етеді. Сондықтан көліктің сенімділігіне, бағасы мен сапасының ара қатынасына, техникалық сипаттамаларына айрықша назар аударып, автозерттеушілердің жоғары бағасына ие болған көлікке таңдау жасаған жөн», – дейді мамандар.