Директорларды ротациялау: Артықшылығы мен кемшілігі
Елімізде қай саланың да дамуына кедергісін келтіріп келе жатқан ең үлкен мәселе сыбайлас жемқорлық екені анық. Бұл «кесел» білім беру саласын да біраз былыққа батырғаны жасырын емес. Осы тұрғыдан келгенде мемлекет тарапынан сыбайлас жемқорлықтың тамырын қиятын түрлі тетіктер қолға алынып жатыр. Мәселен, білім саласында мектеп директорларын басқа білім ұясына басшылыққа ауыстыру тәжірибесі елімізде кейінгі бір-екі жылдың бедерінде қарқынды жүзеге асып келеді.
Бұл жобаның көздеген мақсаты – директорлық қызметте көп жыл отырған мектептің бірінші басшыларын сол лауазым бойынша басқа білім мекемесіне жіберу, сөйтіп сол арқылы білім саласында жемқорлықтың тамыр жаюына тосқауыл қою. Өйткені жасыратыны жоқ, елімізде парақорлық жайлаған ең көп саланың ішінде осы білім саласы аталатын. Білім берумен қатар ұрпақ тәрбиесіне жауапты саланы жемқорлық былығына батырмаудың амал-айласы ретінде осы ротациялау іс-шарасы енгізілді.
Осы орайда біз Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиевадан директорларды бір-бірімен алмастыру ісінің қалай атқарылып жатқаны және нәтижесі жөнінде сұрап білген едік. Оның айтуынша, мегаполистің білім басқармасы ағарту саласына жауапты министрліктің ротациялауға қатысты бекіткен жоспарын орындауда үлкен нәтиже көрсеткен. Мұндай бастаманың елімізде қолға алынғаны құптарлық іс болғанын айтады. Себебі бір мекемені ұзақ жыл басқару тамыр-таныстықтың жайлауына, жемқорлықтың белең алуына әкелетіні анық. Осы ретте Шымкенттегі кейбір білім ұяларында 20 жылдан аса уақыт бір орнында тапжылмай отырған директорлар болған. Сондықтан да басқарма басшысы ротациялау шарасының енгізілуін толықтай қолдайтынын жеткізді. Оның пікірінше мектеп директоры білім ұясын басқаруда ұзақ отырып қалса, түбі пенделікке салынып, жемқорлық қылмысының туындауына жол беріп қоюы мүмкін.
«Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашадағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» №559 бұйрығының талаптарына сәйкес Шымкент қаласының білім басқармасы 2022 жылы 50 мектепке дейінгі 50 ұйым жетекшісін және 68 мектеп директорын, барлығын қосқанда білім беру мекемелеріндегі 118 басшыны ротациялады. Басшы ұзақ жылдар бойы бір білім беру ұйымын басқарса, бұл адамды селқостыққа, жалқаулыққа ұшыратады. Соның кесірінен жұмыстың қарқыны төмендейді, балаларды оқытуда ізденімпаздық азаяды, методикалық жаңа тәсілдер қолданылмайды. Керісінше, басшылық ететін ұйымның ауысуы өзгерістерді енгізуге және басшының жұмыстағы тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, директор бір білім беру ұйымында 7 жылдан аса уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротациялануға жатады. Осылайша, мектеп басшысының жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауға тиіс. Ашықтық пен мөлдірлікті қамтамасыз ету үшін ротациялау туралы мәселені қарау білім басқармасы жанындағы комиссияға жүктелген. Ротациялау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі және тұтастай алғанда бұл қағидалардың жергілікті жерлерде дұрыс іске асырылуы үшін министрлік тарапынан мониторинг жүргізіледі», деді Ж.Тәжиева.
Ротациялау туралы бастаманы бірінші қолдап, директорлық қызметін басқа мектепте жалғастыруға ниет білдірген алғашқылардың бірі Ержан Төлендиев осы қадамы арқылы өзін жаңа ортада, жаңа ұжымда қайта сынап көргісі келгенін айтты. Бүгінде қаладағы №88 орта мектепті басқаратын ол бұған дейін 2010-2022 жылдар аралығында іргетасы алғаш қаланған тұстан бастап №86 орта білім беру ұйымында директор болып келді. Ұстазды кейде білім саласындағы жемқорлыққа байланысты басы дауға ілігіп қалатын жайттар қатты өкіндіреді. Сондықтан мұндай игі іс алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықтың жолын бөгеп, педагогтерді қоғам алдында жүзін төмен салдырмас деген сенімде. Маманның пікірінше, цифрлық технология дәуірлеп тұрған заманда білім саласында парақорлық деректері күрт азайған. Оған бірінші кезекте педагогтер білімін бағалауда, жұмысқа қабылдауда басқа да шараларға адамның қатысуын азайтып, көбірек электронды технологияға арқа сүйеу септігін тигізіп отыр. Бұл ретте мектеп директорларын ротациялау да осыған ұқсас тәсілдердің біріне жатады. Мектеп басшысының айтуынша, әділетті Қазақстанды құру – ұзақ үдеріс. Қоғамды ізгі, мейірімді, әділетті ету үшін алдымен жас ұрпақтың тәрбиесінен бастаған ләзім. Әсіресе мектеп жасындағы балалардың бойында кітап оқуға деген құмарлықты ояту керек. Мұндай рухани тәрбиелік іспен айналысатын – негізінен ата-ана. Алайда олардың тәрбие мәселесінде көп олқылық жіберіп жатқанын айтады педагог.
Өз кезегінде Шымкенттегі Адалдық алаңы жобалық кеңсесінің басшысы Бижан Сәдібеков үшінші мегаполисте осы күнге дейін барлық мектептің тоқсан пайызға жуық директорлары бір-бірімен креслоларын алмастырып үлгергенін баяндады. Бұл жүйе білім беру ұйымында директордың өз айналасына тамыр-таныс, туыстарын жинап алу, парақорлықты, заңсыз ақша жинауды жүйелі тәртіпке айналдыру секілді қылмыстарды болдырмау тұрғысынан ұтымды шешім болды. Дегенмен ротациялау туралы ереженің піспеген, шикі тұстары бар екенін де жасырмады.
«Мәселен, менің жеке көзқарасым бойынша, бұрынғы мектеп директорының орнына әлсіз, жұмыс тәжірибесі аздау, білім ұясының кемшіліктері мен артықшылықтарын жете білмеген басшы келіп қалса, мектептің жұмысын қожыратып алуы мүмкін. Сонымен бірге оның Еңбек кодексіне сәйкес келмейтін тұстарының да бар екенін байқадық», деді Б.Сәдібеков.