Арнайы білім мекемелеріндегі ахуал
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды жалпыға ортақ білім беру үрдісіне қосуға ерекше назар аударылып отыр. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі балалардың оқу бағдарламасын дер кезінде игеруі, өз ортасымен тіл табысуына қатысты әдістемелік кешенді жетілдіру жұмыстары сала мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейді.
Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Күдеринова аталған орталықта ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау бағытындағы жұмыстар туралы айтып берді.
– Диагностикалық бақылаудан өткеннен кейін балалармен кәсіби мамандар айналысады. Түзету сабақтарын өткізу, ата-аналарымен уақтылы кеңесіп отыру да мамандар үшін маңызды. Сонымен қатар олар мұғалімдерге көмек көрсетіп, әдістемелік құралдар жазу, біліктілікті арттыру курстарына да тікелей атсалысып келеді. Еліміздегі мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарына әдістемелік қолдау көрсетуде ресурстық бөлім арқылы психологиялық-педагогикалық кеңес беру де орталық мамандарының басты назарында, – дейді Ә.Күдеринова.
Орталық басшысының айтуынша, республикада ерекше балаларды оқытуға арналған оқулықтар кешені 2017 жылдан бастап жарық көріп келеді. Бүгінде республикада 465 арнайы білім беру ұйымы бар болса, олардың ішінде облыстар мен қалалар бойынша 44-ін арнайы мектепке дейінгі ұйымдар құрайды. Ал арнайы мектептер саны – 99, психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру ұйымдары – 92, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері – 208. Сонымен бірге 13 оңалту, 9 аутизм орталығы жұмыс істейді.
Арнайы және инклюзивті білім берудің әдіснамалық және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ирина Елисеева және ғылыми қызметкер Жанбота Аханова инклюзивті білім берудің ерекшеліктеріне тоқталды. Мамандар атап өткендей, физикалық, психикалық, интеллектуалды және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, ерекше қажеттілігі бар балалар жалпы білім беру мекемелерінде білім алуға құқылы. И.Елисеева орталық мамандарының мүмкіндігі шектеулі балалар оқитын арнайы мектептерді оқу-әдістемелік қамтамасыз етумен байланысты мәселелерді атап өтті.
– Бізде есту, көру, тірек-қимыл аппараты бұзылған, психикалық дамуы тежелген, сөйлеуі қиын балаларға арналған мектептер бар. Мұндай балалар мемлекеттік стандарт бойынша оқытылғанымен, оқу материалын әзірлеудің өзіндік ерекшеліктері бар әрі онда орталық тарапынан әзірлеген типтік оқу бағдарламалары ескерілуге тиіс, – дейді И.Елисеева.
Ақыл-ойында ауытқушылықтары бар балалар білім беруде ерекше санатты құрайтындықтан, барлық пән бойынша өзіндік оқу бағдарламаларын жасап, өткен жылы 0-10 сынып оқулықтары жазылған. И.Елисееваның айтуынша, 2004 жылдан бастап елімізде бұрын отбасында тәрбиеленген, даму интеллектінде аз ғана ауытқушылығы бар балалар жалпы мектептерде білім алуға мүмкіндік алған. Міне, осы санаттағы балалар үшін типтік оқу бағдарламалары жасалды. Арнайы мектептерде балаларды оқытудың өзі отбасы үшін үлкен әлеуметтік қолдау болып саналады. Осылайша, ата-аналар да өз мүмкіндіктерін дамытып, қоғам дамуына атсалыса алады. Бүгінде еліміздегі арнайы мектептерде жалпы санаттағы мүгедек балалардың 14 пайызы ғана білім алып жатыр. Олардың көпшілігі жалпы білім беретін мектептерде оқып жүр.