Жеңілдетілген автонесие: кезекке тұрудың әлегі

0
157

Ақпанның алғашқы дүйсенбісі қым-қуыт тірлікпен басталды. Дәл осы күні, 6 ақпанда жеңілдетілген автонесиеге өтінім беру іске қосылған-ды. Бірақ бұл жобаның қызығы мен шыжығы басылмай тұр. Арнайы сайтқа өкпесі қара қазандай болғандардың қатары қалың. Басталмай жатып дауға қалған жобаның кемшілігі неде? Артықшылығы бар ма? Осы мәселелерге жауап іздеп көрген едік.

Ресми мекемелер таратқан мәліметке сүйенсек, арнайы сайтқа бір сәтте 125 мың қолданушы кірген. Бірақ берілетін несие саны шектеулі, небәрі – 761 өтініш қана. «Өнеркәсіпті дамыту қорының» баспасөз қызметі 18 секундтың ішінде-ақ кезекке тұрғандар толып қалып, өтініш беру аяқталғанын хабарлады. Осылайша, Головкиннен кейін халықты ерте оятқан автонесие басталмай жатып бітіп қалған.

Көпшілік 761 адамның 18 секундта өтініш беріп үлгергеніне күмәнмен қарайды. Расында, бұл – тез біте салатын шаруа емес. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ жеңілдетілген автонесие беруге арналған жаңа платформа іске қосылған еді. Өтінім қабылдау 6 ақпан күні таңғы 10.00-ден бастап www.autonesie.kz ресми сайты арқылы жүргізілді. Бірінші кезекте электрондық цифрлық қолтаңба арқылы тіркелу керек. Содан кейін «өтінім беру» бөлімінде «телефон нөмірі» тармағын толтырып, автомобиль құрастыратын кәсіпорынды таңдайды. Тапсырыс жасалғаннан кейін кәсіпорынды өзгерте алмайсыз.

Келесі кезекте көлік алатын адам шарт талаптарымен танысуға тиіс. Осы талап­тармен келіскен жағдайда «оферта шартымен келісемін» батырмасын басып, ЭЦҚ арқылы өтінімге қол қойы­ла­ды. Бұл әрекеттерден кейін платформада құжаттарды тексеру басталады. Ал автонесиенің шарты бұрынғыдай. Авто­кө­ліктің құны 15 млн теңгеден аспауы керек. Қаржыландыру сомасы 10 млн теңгеден, мерзімі 7 жылдан аспайды.

«Ер қанаты – ат», ал бүгінгі күннің тілімен айтсақ – «темір тұлпар». Сон­дық­тан автокөлікті 4 пайыздық несиемен алуға үмітті тұрғындардың көптігі түсінікті. Сарапшылар кезекке қоюды таңғы 10.00-ге тіреп қоймай, басқа тәсілін ой­лас­тыру керек еді. Өтінімге жауапты мекеме енді ай сайын осындай «кезек-бәйге» өткізіп отыратынын, жүзден аса адамға 4 пайыздық автонесие берілетінін айтады. Бірақ келесі айда да дәл осындай жағдай қалыптаспасына ешкім кепіл­дік бере алмайды. Сарапшылар да жо­баның кемшіліктерін жіпке тізіп отыр. Мәселен, IT маманы Ерлан Оспан мұны ұйым­дас­ты­рудың басқа тәсілін қарас­ты­ру керек екеніне назар аударады.

«Ұсталмаған ұры емес болса да, мен автонесие немесе балабақша кезегі сияқты «таңғы бәйгелерге» күдікпен қараймын. Шектеулі ресурсты әділ үлестіру әлемде әлдеқашан жолға қойылған. Мысалы, АҚШ-тың грин-карта лотереясы сияқты. Меніңше, бұл да лотерея болуы керек еді. Адамдар тіркеліп қояды, айтулы күні кездейсоқ сандар автоматты түрде үлестіреді. Ондай тәуелсіз автоматтар көп, мысалы, random.org. Осы сервис арқылы тіпті әлемдік брендтер ойындар өткізіп жүр. Ойынның уақытқа тәуелді хэш-кілті беріледі, таза өткеніне ешкімнің күмәні қалмайды. Бітті. Ешкімде кінә жоқ. Бәрі ашық. Шынымды айтсам, мен маман ретінде осыдан басқа әділ жолын білмеймін», дейді Е.Оспан.

Сарапшы мұндай тәсілді автонесие беру­шілердің ойына қалай келмегеніне таңыр­қаулы. Бұл жерде бір гәп бар деп есеп­тейді. Сон­дықтан бұл «бәйгенің» арты тергеуге ұласса таңғалмайтынын алға тар­тады. Ал тәуелсіз аудитор, Саут­гемптон уни­верситетінің «Тәуекел және қаржы» магистрі Жасұлан Алданов ұйым­­дастырушылар платформаны іске қос­­қан­да оны жан-жақты зерделемегені, ық­ти­мал тәуекелдерді ескермегенін айтады.

«18 секундта лимит бітіп қалды дегенге адам сенбейді. Бірақ техникалық жағы­нан мүмкін нәрсе. Сөйте тұра, ұйым­дастырушылардың кемшілігін айту керек. Неліктен кезекке қоюды 761 адам­нан кейін аяқтады? Межелі мерзім басталған соң жаппай тіркелуге рұқсат етсе болмай ма? Егер әр ай сайын осындай тәсілді қолданса, келесіде де тіркеліп үлгермей қалатындар көп болады. Мәселен, ресми мекемелер алғашқы минутта жүз мыңнан аса адам сайтқа кіргенін мәлімдеді. Соның 761-інің ғана жолы болған. Келесіде де дәл осындай жағдай қайталанады.

Мұның көзге көрінбейтін екінші теріс жағы бар. Тізімге ілікпей қалғандар, әлбетте, біреуді кінәлағысы келеді. Бұл – адам психологиясы. Демек ұйымдас­ты­ру­шыларға, қала берді билікке наразы­лы­ғы оянады. Екінші, үшінші талпынысында да тізімге енбей қалғандарда мұндай қарсылығы артпаса, кемімейтіні анық. Оның орнына қалаған адамды жаппай тіркеп, сайтта кезектің қалай жыл­жы­ғанын бақылап отыруға мүмкіндік жасағаны жөн еді», дейді Ж.Алданов.

Қаржы маманы Ербол Азанбектің айтуынша, несиеге көлік алуды бәйге жасау ақылға қонымсыз. Өйткені еліміздегі автокомпаниялар нарықты қамтамасыз ете алмай отыр.

«Тіркеліп үлгерсең, жеңілдетілген автонесие аласың деген – адамды қорлау. Адамдарды бәйгеге қосқан сияқты. Бұлар­дың арасында көптен бері осы не­сиеге қол жеткізе алмай жүргендер бар. Нақтысын айтсақ, осыған дейін 2 рет 4% автонесие алғысы келетіндердің тізімі жасақталған. Мына «бәйгеде» бірінші тізімнен бері кезегін күтіп жүріп, ілінбей қалғандар да бар. Екі рет тізім жаңартылды. Мұның бәрі автонесиеге сенімді азайтады. Бүгінгі несие рәсімдеу уақыты 9-10 минутқа созылды, артын­ша 761 адамдық лимит 18 секундта бітіп қалды деген ақпарат тарады. Шын мә­нінде, техникалық тұрғыда бұл мүм­кін болған шығар, бірақ қарапайым адамдарды сендіру қиын.

Мұның сыртында біздің елде несиеге емес, қолма-қол ақшаға қалаған көлігіңді алу үшін 1 жыл кезекте тұруың керек. Нақты мысал айтайын. Мен 2022 жылдың ақпан айында «Хюндай Сүйінбай» автосалонына ешқандай несиесіз, қолма-қол ақшаға сатып алу үшін 32-ші болып кезекке тұрғанмын. Тура 1 жыл болды, әлі кезегім келмегенін айтады. Осыны қамтамасыз ете алмай отырып, несиені қамти ала ма деген күдік бар. Жеңілдетілген автонесиені рәсімдеудің басқаша жолы керек. Кезекті онлайн жасасын, ретімен ешқандай жарыссыз беріп отырсын. Адамдарға кезегінің қа­шан келетінін онлайн бақылай алуға мүм­кіндік берсін. Бұл әділ болатын еді», дейді Е.Азанбек.

Сарапшылар сөзінің жаны бар. Айнал­дырған 761 көлікке бола бүкіл ха­лық­ты әбігерге салу қаншалықты ақылға қонымды? Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 4,38 мил­­лион авто­көлік құралы тіркелген. Соның 3,79 мил­­­лионы – жеңіл автокөлік. Бірақ соның 2,4 миллионының шығарылғанына он жылдан асып кеткен, яғни ескі. Жыл сайын елімізде 160 мыңға жуық «те­мір тұлпар» жолға шығады. Ұлттық статис­тика бюросының «Қазақстан Респуб­ли­касындағы көлік» баяндамасында 2021 жылы елімізге 80 679 автокөлік қол­данысқа берілгені көрсетілген. Бұдан бөлек, шетелден 80 237 машина импортталған. Мұның өзі еліміздің авто паркін жаңартуға жеткіліксіз. Ендеше, екі жылда боталайтын түйе секілді ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отырған өнеркәсіпті қолдағанша, шетелден жаңа «темір тұлпар» әкелуге рұқсат еткені жөн емес пе деген заңды сұрақ туындайды.

Energyprom.kz порталының дерек­те­ріне сай, 2022 жылы елімізде 123,8 мың жаңа көлік сатылған. Соның жартысынан астамы Chevrolet (34,3 мың) пен Hyundai (28,9 мың) автомобильдері. Үздік бестікке Kia (14,4 мың), Toyota (9,6 мың) және Lada (7,4 мың) енген. Бұдан бөлек, қытайлық Chery (4,5 мың), Jac (3,4 мың), Exeed (1,9 мың), Haval (1,5 мың) маркалары мен Lexus (2,5 мың) көліктері үздік ондық қатарында.

Жеңіл көлікке қатысты мынандай қызық дерек бар. БҰҰ Еуропадағы эко­но­микалық комиссиясы бірқатар мем­лекет тұрғындарының көлікпен қам­та­масыз етілуін зерттеп көрген екен. Тізімге Еуропа елдері, Азияның бірнеше мемлекеті мен АҚШ енген. Соған сәйкес, Лихтенштейн 1000 адамға шаққанда 782 көліктен келеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш 203 «темір тұлпардан» келіп отыр. Яғни тізімнің соңынан санағанда бестікке енген. Түсінікті тілмен айтсақ, автомобиль саны өте аз.

Айтпақшы, кеше жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша өтінім­дер­ді қабылдауға арналған қанат­қақты жобаның нәтижесі жөнінде баспасөз жиыны өтті. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашеваның айтуынша, жоба әлі де жалғасады.

«Негізі сайтқа 1 миллионнан аса пайдаланушы кірді. Оның ішінде өтінім берген 125 мыңнан аса азамат тіркелді. Осы платформаға еліміздің барлық аймағынан өтініштер түсті. Бағ­дар­лама іске асырылғаннан бері осы уа­қыт­қа дейін жиналған қаражат 7,6 млрд теңге болды. Револьерлік механизм болғандықтан, жалпы 761 адам тіркеледі деп жоспарланған.

Бағдарлама ұзақмерзімді екенін атап өту керек. Келесі лимит алдағы айларда қолжетімді болады. Бүгін түрлі себепке  байланысты кейбір азамат үлгермесе, келесі айларда тапсыруға мүмкіндік бар. Осы айда несиемен автокөлік алу жұмыстары 60 күннің ішінде аяқталуға тиіс. Бүгін платформаға тіркелгеннен ке­йін өтініш беруші автосалонға және банкке барып, өз жұмыстарын жалғастырады. Осы платформа арқылы тіркелген азаматтарға 60 күннің ішінде автокөлікпен қамтамсыз ету жоспарланып отыр», дейді Ж.Ибрашева.

Спикердің айтуынша, жеңілдетілген автонесие ресімдеудің алғашқы легіне тіркеліп үлгерген 761 адамның кейбірінің өтініші кері қайтарылуы мүмкін. Өйткені кейбір азаматтар жүйенің шынымен жұмыс істеп тұрғанын тексеру үшін немесе қалай істеп тұрғанын тексеру үшін кірген болуы мүмкін.

«Кейбір адамдардың төлем қабілеттері расталмауы мүмкін. Осы себепті кейбір азаматтардың өтінімі тіркелгенімен, несие ресуімдеуден бас тартылуы ықтимал. Ондай адамдар несие алғандар тізіміне кірмейді. Яғни келесі айда платформа ашылғанда қайта кезекке тұра алады, Ал олардың орнына басқа өтінім алынбайды. Бұл келесі айда олар автоматты түрде ықтимал 100 адамның тізіміне кіреді деген сөз емес. Осы жолғыдай қайтадан басынан бастап өтінім ресімдейді», деді Ж.Ибрашева.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ бас­қарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров тізімдегі орынды сату мүмкін емес екенін алға тартады. Ал интернеттегі хабарландыруларға сенбеу керек.

«Қазірдің өзінде тұрғындар мен БАҚ өкілдерінен кері байланыс алып жатырмыз. Тізімдегі орынды сату мүмкін емес, оны ешкімге беруге болмайды. Барлық дерек – ЖСН, толық аты-жөні көрсетілген, басқа адам несие мен көлік ала алмайды. Мұндай әрекетті ұсына­тын­дарға сенбеңіздер», дейді Р.Гаппаров.

Қалай дегенмен, ақпанның алғашқы дүйсенбісі Қазақ елін әбігерге салғаны анық. Алдағы уақытта жіберіл­ген кем­ші­ліктер ескеріліп, оны қайтала­мау­дың тың әдістері ойластырылатынына сенім білдірейік. Осындайда кеңес одағы кезінде көлік алуға кезекке тұрып, жылдап соны күткені еске түседі. Әлі күнге КСРО-ның елесі Ұлы даланы кезіп жүргендей әсер қалдырады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ