Жеңілдетілген лизинг «Халықтық бағдарламаға» айнала ма?
Ауыл шаруашылығына мемлекеттік бағдарлама есебінен қаражат аз бөлініп жатқан жоқ. Бірақ нәтиже аз. Осы күнге дейін ауылға бөлінген қаржының басым бөлігі ірі шаруа қожалықтарының еншісінде кетті де, ұсақ шаруа иелері 90-жылдардың екінші жартысында мемлекеттен пай үлесі ретінде алған ескі-құсқы техникасының бетіне қарап қалды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, машина-трактор паркінің тозу деңгейі – 80 пайыз. 2018 жылы агросектордағы техниканың 100 пайызын жаңартамыз, жыл сайын 12 пайызын жаңартып отыруға мүмкіндік бар деген уәдені нарықтағы баға бұзып жіберді.
Қаржыгерлердің айтуынша, қазіргі өсім, үлкен пайыздар ұсақ фермердің несие алу мүмкіндігін шектеп тастады. Кейінгі 5 жылда комбайн мен трактордың бағасы екі есе, биыл 30 пайызға өскен. Маман-сарапшылардың айтуынша, пайдалану мен жөндеудің техникалық шарттары бойынша трактор, комбайн мен ауыл шаруашылығы саласындағы техникалар 15 жылдан кейін есептен шығарылуға тиіс. 2019 жылы қолданылған техниканың 60 пайызының мерзімі өткені анықталғаны хабарланған. Бірақ олардың орнын басатын жаңа техникалар болмағандықтан, есептен шығарылмаған. Алдағы бес жылда Қазақстанның егіс алқаптарында тозған техника үлесі көбейіп кететінін сарапшылар жоққа шығармайды.
Биыл бюджетті нақтылау кезінде қосымша 139 млрд теңге субсидия бөлінді. Оның жартысы инвестициялық субсидия, яғни кредит лизингінің мөлшерлемесін арзандатуға бағытталды. Бірақ бұл жолы үкімет алдағы үш жылда лизигнтік бағдарлама арқылы агросектордың паркін тым болмаса 80 пайызын жаңартуға үміттеніп отыр. Бұл жолғы бағдарламаның жемісі бәріне ортақ болмақ.
Өткен жылдың желтоқсан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы техникасы үшін жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Қаржыландырудың барлық мүмкін көздерін пайдалану маңызды екенін, дамыған агроөнеркәсіп кешенінсіз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес екенін айтты.
Қазақстан фермерлер қауымдастығы жеңілдетілген несие бағдарламасы сақталып қана қоймай, бағдарлама бюджетін ұлғайту қажет екенін айтып отыр. Қауымдастық басқарма төрағасының орынбасары Акпар Мәуленовтің айтуынша, техникалық базаны жаңарту үшін мемлекет 6 пайыздық ыңғайлы жобаны іске қосты. Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке берудің жаңа бағдарламасы 5 тамызда басталды. 1000-ға жуық трактор, комбайн және басқа да техника сатып алуға 40 млрд теңге бөлінген. Лизинг мерзімі – 10 жылға дейін, сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6 пайыз, лизинг бойынша бастапқы жарна (аванс) – 0 пайыз, негізгі қарызды қайтару бойынша жеңілдікті кезең – 1 жыл. Бөлінген 40 млрд теңгенің 30 млрд теңгесін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ «Жасыл Даму» (ӨКМ операторы) АҚ қаражатынан және 10 млрд теңгесін «ҚазАгроҚаржыдан» алды. Нәтиже жаман емес. Бөлінген қаржы 900 фермерге жетіп, таусылып қалды. Әрбір фермердің сатып алған техникасының орташа бағасы – 400 млн теңге. Сарапшылар бұл бағдарламаның ұсақ фермерлер үшін тиімді болғанын айтып жатыр. Өтініш берушілердің көптігінен алғашқы кезеңде-ақ бөлінген қаражат таусылып қалған. Енді фермерлер Үкімет бағдарламаны жандандырса деп күтіп отыр. А.Мәуленовтің айтуынша, жеңілдетілген несие беру бағдарламасының мерзімін ұзарту ауылдың дамуына жол ашады.
«Фермерлер жеңілдетілген несиеге мұқтаж, сонымен қатар Президент алдағы бес жылды ауылды дамыту кезеңі деп жариялап, Үкіметке 31 наурызға дейін ауылды дамыту тұжырымдамасын қабылдауды тапсырды, оның аясында фермерлерге қолдау көрсетуді тапсырды», деді А.Мәуленов.
Сарапшы Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, Үкіметтің лизинг нарығына жеңілдетілген бағдарлама арқылы кіруі нарық заңына қайшы болса да, өзге амалдың болмағанын айтады.
«Егер, мұндай бағдарлама жалғасса, зауыттар өнім түрлерін көбейтеді, тек 500 гектар емес, 5-10 гектарды өңдеуге арналған мини-техникалар пайда болады деп үміттенеміз. Ауыл тек ірі шаруа қожалықтарынан емес, отбасылық, қарауында 5-10 гектар жері бар шағын фермерлерден де тұрады. Бағдарлама жобасын дайындап жатқан топ жеңілдетілген лизинг арқылы агропаркті жаңартудың тетіктерін заң нормасына енгізеді, бағдарлама арқылы түскен қаржы отандық трактор құрастыратын зауыттарға бағытталады деген де сеніміміз бар. Бұл ретте ауыл шаруашылығына арналған бөлек банк құру керек деп санаймын. Квазисектордағы қаржы институттары мұндай ауқымды міндеттерді орындай алмай, мүмкіндігімізді де, қаржыны да ханталапайға айналдырып алуы ықтимал. Квазисектор ауылдың әлеуетін дамыта алмады. Ұлттық банк пен Үкімет агробанкті ашу жолдарын қарастыруы керек. Меніңше, жеңілдетілген лизинг бағдарламасының операторы міндетін ауылға арналған банк қана атқара алады», дейді.
Қоғам қайраткері, экономист Қуаныш Айтахановтың айтуынша, қытай, неміс фермерлері шағын ғана таракторларымен жекеменшігіндегі 10 сотық жерін өңдейді, бау-бақшасын күтіп-бағады. Мұндай техниканың бағасы – 1-3 мың доллар. «Техниканың мұндай түрін бізде де құрастыруға болады. Алдағы уақытта ұсақ фермерлердің де қажеттілігі ескерілуі керек», дейді ол.
Елімізде 2 мыңға жуық шаруа қожалығы, ауылшаруашылық кәсіпорындары бар. Ірілендірілген шаруашылық үлесі 3 пайызға да жетпейді.
Маманның айтуынша, трактор құрастыратын зауыттардың барлығы елдің орталығында – астықты аймақтарда орналасқан. Техникалардың бәрі 500-1000 гектар жері бар ірі шаруашылықтардың ыңғайына қарап құрастырылған. Қазақстанның трактор құрастыратын зауыттары шығарған, құны 50 мыңнан 200 мың долларға дейінгі аралықтағы техниканы оңтүстіктегі егіс алқаптарында пайдалану мүмкін емес.
Парламентте бірнеше шақырылым бойы Мәжіліс депутаты болған Розақұл Халмұрадовтың айтуынша, халықтық маңызы бар бағдарламалар ауыл-аймақты дамыту тұжырымдамасына заң формасы ретінде ену керек.
«Бағдарламаның алғашқы кезеңінде берілген техникаларды сырттай бақыладым. Олардың бәрі – бидай өсіретін аймақтарға лайықталған техникалар. Қазір техниканың қолданбайтын жері жоқ. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасына ауыл-аймақты дамыту бағдарламасының қозғаушы күші – генераторы ретінде қарау керек. Енді тек астықты аймақтар ғана емес, оңтүстік-солтүстік аймақта жер-ел жағдайына, сол аймақтың тұрғындарының кәсібіне лайықталған шағын тракторларды құрастыратын зауыттар салуға басымдық берілсе екен деймін. Қазір 5-6 гектар жері бар ұсақ фермерлер үшін техника қолжетімді бағада емес. Ауыл іші болғандықтан техникасы барлардан жалға алады немесе жерін ақша беріп өңдетіп, жыртып алады. Ауылды дамытамыз десек, жер игеремін, егіс саламын деген әрбір фермерді техникамен қамтамасыз етуіміз керек. Сол кезде ғана ауыл аймақты дамыту бағдарламасы да, жеңілдетілген лизинг бағдарламасы да халықтық бағдарламаға айналады», дейді.