Аудан ажарланса – абырой
Аптаның сәрсенбісінде аудан әкімі Нұржан Ахатов Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында болды. Баспасөз конференцияға бірқатар БАҚ өкілдері қатысып, ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстар легімен танысып, толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Сондай-ақ Нұржан Сәбитұлы қоян жылындағы жоспарлары мен жобаларын баяндады.
85 процент газбен қамтылмақ
Халыққа ең қажетті әрине, көгілдір отын мәселесі. Осыған дейін ауданда көптеген жұмыстар атқарылғаны есте. Нәтижесінде, Шиелі кенті және Ы.Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ақмая, Алғабас және Ш.Қодаманов ауылдары көгілдір отынға қосылып, аудан халқының 68 проценті күнделікті табиғи газды пайдалануда. Дегенмен, мұнымен шектеліп қалмай, келер жылы жалпы құны 4 млрд 900 млн теңге болатын 7 жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Еңбекші, Жиделіарық елді мекендеріне газ жүйесін тарту үшін республикалық бюджеттен 442 млн 513 мың теңге қаржы бөлінсе, Алмалы, Телікөл, Ақтоған, Бестам ауылдық округтеріне газ жүйесін тарту үшін жобалар тиісті министрліктерге жолданды. Ал Тартоғай елді мекенінің тұсынан Мұстафа Шоқай автоматтандырылған газ бөлу стансасы құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлініп, құрылысы жүргізілуде.
– Осы аталған жобалар толық жүзеге асырылса, аудан халқының 85 проценті көгілдір отынмен толық қамтамасыз етілетін болады. Тағы бір айта кететін жайт, биыл Шиелі кентінде және Алғабас ауылындағы 2 мектептің бу қазандықтары газ желілеріне ауыстырылады, – деді аудан әкімі.
Құрылыста қарқын бар
Кент келбетін көріктендіру ісі кемелдене бермек. Осы жылдың еншісіне «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 4 жоба және жергілікті бюджет есебінен 2 жоба жүзеге асырылмақ.
Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында «Көкшоқы» мөлтек ауданында 18 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Сондай-ақ кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға арнап, «Шұғыла» мөлтек ауданынан 20 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 414 млн теңге қаржы бөлініп, 80 жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несиелер қарастырылып отыр.
Сонымен қатар ауданына қарасты 3 елдімекенде құны 1,3 млрд.теңгені құрайтын медициналық амбулаториялардың құрылысы басталмақ.
– Ауданымызда денсаулық сақтау саласын дамытуға әрдайым басымдық беріліп отырады. Осыған орай, биыл 2024 жылға Тәжібаев, Ортақшыл, Алмалы, Тартоғай, Бестам елдімекендерінде дәрігерлік амбулатория салу үшін тиісті құжаттар дайындалып, құрылысы басталады. Сонымен бірге Шиелі кентінен 30 төсектік-инфекциялық корпустың іргетасын қалауға жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде, – деді аудан әкімі.
Аудан орталығындағы басты 12 көшеге абаттандыру, көркейту-көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру, инфрақұрылым жүйелерін жаңарту, жаяу жүргінші жолдарын қалыпқа келтіру жұмыстары да шет қалмайды. Оған аудандық бюджеттен қажетті қаржы қаралмақ.
30 5011 ГЕКТАР ЖЕРГЕ ЕГІН ЕГІЛЕДІ
Шиелі – ауыл шаруашылығы саласы өркендеген аудандардың бірі. Биыл мұнда 30 511 гектар жерге егін егу жоспарлануда. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан тұрғындарының бақша дақылдарын егумен айналысуына 5 мың гектардан астам жер дайындалып берілмек.
Шиелі – ауыл шаруашылығы саласы өркендеген аудандардың бірі. Биыл мұнда 30 511 гектар жерге егін егу жоспарлануда. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан тұрғындарының бақша дақылдарын егумен айналысуына 5 мың гектардан астам жер дайындалып берілмек.
– Өткен жылы аудан бойынша 30 301 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, мол өнім қамбаға құйылды. Шиелілік диқандарымыздың осы тынымсыз еңбегінің арқасында ауданымыз «Үздік аудан» номинациясын иеленіп, озат атанды. Бұл көрсеткіштерді одан әрі дамыту мақсатында биыл да нәтижелі жұмыстар атқарылады. Мал шаруашылығына тоқталсам, ауданымызда төрт түлік мал басы мен одан өндірілген өнім көлемінде тұрақты өсім бар. Атап айтқанда, былтыр мүйізді ірі қара саны – 109,2, уақ мал – 107,5, жылқы – 109,9 процентке артып отыр, – деді аудан басшысы.
Сұлушаш МАДИЯРОВА