ЖЕМІСІ МОЛ ЖОБА

0
329
Елімізде жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Мәселен, «Дипломмен ауылға!», «Жастар тәжірибесі», ­«Жасыл ел», «Жас кәсіпкер» жобаларын айтып өтуге болады. Осы бағдарламаларды іске асыру мақсатында жыл сайын қазынадан миллиардтар жұмсалады. Бүгін біз солардың бірі – «Дипломмен ауылға!» жобасының жай-күйін жазбақпыз.
Елді мекендердегі білікті маман тапшылығының орнын толтырудың бірден-бір жолы болған «Дипломмен ауылға!» байыпты бағдарламасының бәсі қашанда биік. Бұл жоба бойынша қаншама жас тұрақты жұмыспен қамтылып, туған жеріне елеулі еңбек етіп келеді. Олардың әр қайсысының мақсаты айқын, қадамы нық. Яғни жастардың «Туған жерді түрлендіруге тамшыдай болса да үлес қосу» арманы жүректің төрінде.
Ауылын көркейтсем деген жас мамандарға ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы төленіп, баспана алуға жеңілдетілген несие де беріледі. Сондай-ақ аталаған бағдарлама жұмыс іздеген жастарға да қолайлы. Аудандық экономика бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы ауданда «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша 80 маманға 330 050 000 теңге тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие беріліпті. Көш бастап тұрған – денсаулық сақтау саласы. Сала бойынша 40 маман баспана алған. Екінші кезекте – білім саласы. Бұл салада 37 маманға үй алуға несие берілген. Агроөнеркәсіптік кешені бойынша 2 маман, Мәдениет саласының 1 жас маманы бағдарлама аясында баспанаға қол жеткізді. Яғни, бір жылда 80 жас маман ­баспаналы болған.
Иә, расында дипломмен ауылға бағдарламасының шарапатын көріп отырған ­жастар аз емес. Өткен 2022 жылы да тоғыз айында 97 маман үйлі болған. Бағдарлама қатысушыларының басым бөлігі денсаулық сақтау және білім беру саласынан. Өйткені қоғамдағы сұранысқа ие екі мамандықтың орны орасан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жас мамандарды қолдауға айырықша ден қоюда. Оның ішінде ұстаздар мен медицина саласын заманауи құрылғымен жабдықтап, білікті маманмен қамтамасыз етуді алдыңғы орынға қоюды тапсырған еді. Осы аталған сала мамандарға тұрғын үй сатып алуы немесе салу үшін он бес жылға дейінгі мерзімге 0,01% мөлшерінде несие берілді.
Қай кезде де қай сала маманы болсын, басты мәселе баспана екені белгілі. Осыған орай аудан жастарына биыл аталған жоба бойынша республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу үшін 5 млн 175 мың теңгеден 80 маманға 414 млн теңге бөлінген. Яғни, қазіргі таңда тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредитке 52 маман, көтерме жәрдемақы алу үшін 584 маман кезекте тұр. Сәуір айынан қыркүйек айына дейін 15 маманға үй сатып алу үшін қазынадан 77 млн 625 мың бюджеттік несие беріледі.
Қорыта келе айтпағымыз, «Дипломмен – ауылға!» – ауылдың тұрмыс-тіршілігін нығайтуға арналған дап-дайын бағдарлама. Аталған бағдарлама осы жылдар аралығында мемлекетке де, жас мамандарға да тиімді екенін дәлелдеп отыр. Тиімдісі сол, жоғары оқу орнын бітірген, қолында дипломы бар жас мамандар ауылға келіп мемлекет есебінен біржолғы көтермеақы, содан-соң аз пайызбен несие алып, сол қаржыға жергілікті жерден тұрғын үй сатып алады. ­«Баспана – бақыт шамы» демекші, оқуды жаңа ғана бітіріп келген жас мамандарға бұл үлкен көмек екені сөзсіз.
Сымбат СҰЛТАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз