Қазақстан мектептерінде қауіпсіздікті тексеру жұмыстары жүргізіледі

0
208

Петропавлдағы мектептердің бірінде оқушыларға жасалған қарулы шабуылдан кейін елдегі барлық мектептерде тексеріс жүргізілетін болды.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, Петропавл қаласындағы мектепте болған оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылған.

«Комиссия құрамына балалардың құқықтарын қорғау комитеті, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының өкілдері бар. Айта кетейік, мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін орнатылған бейнебақылау камералары мен дабыл түймесі жұмыс істейді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Сонымен қатар облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармаларына еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде қауіпсіздікті тексеру жұмысы тапсырылды», делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгін Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып келіп, бірнеше оқушыны жарақаттаған еді. Қазір екі жасөспірім басы мен білегінен пышақ жарақатын алып, балалар ауруханасында жатыр. Үшіншісі оқиға орнында медициналық көмек алған. Мектепте тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті мектеп оқушыларына шабуыл жасады деген күдікпен жасөспірімнің ұсталғанын хабарлады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ